Өскемендегі Әміре Қашаубаев көшесінің ауласындағы ағаштар тұрғындарға қауіп төндіріп тұр

1450
көрілім

Осыны айтып газет редакциясына қоңырау шалған тұрақты оқырмандарымыз Әміре Қашаубаев көшесі, 22, 23 мекенжайларының ауласында абаттандыру жұмыстарының қолға алыну тиіс екендігін жеткізді. Кәрі ағаштың қураған бұтақтары алаңсыз ойнаған бүлдіршіндерге жарақат келтіре ме деп алаңдайды ата-аналар. Жел соғып, дауыл тұрса болды опырыла сынған бұтақтар аула аумағының әр жеріне түсетін көрінеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Балалар қауіпсіздігі бірінші орында

Дәл осындай өтініш-шағымдардан соң жібек-маталар ықшам ауданындағы бінеше көше ауласында жылдап шығарылмаған қоқыс жинастырылып, қалыңдап кеткен арам шөпты шапқан еді тиісті мамандар. Сол белсенділікті қазір де күтеді Әміре Қашаубаев көшесінің тұрғындары.
– Көптеген жұмысқа қандай да бір оқыс жайт болған соң барып қана кіріседі ғой. Сөйтпесе екен дейміз. Аулада ойнаған бала-шаға, немерелеріміз кейде ағаш бұталарының кез келген уақытта сынып, жарақат келтіру мүмкін екендігін кәперлерінен шығарып алады. Ересектер әрдайым бас-көз болып жүре алмайды, кейде назардан шығарып жатады. Қауіптің алдын алу үшін кәрі ағаштардың жоғарғы жақтары мен бұталарын кессе ғой, – деді Нұртай Өтепов есімді зейнеткер.
Биіктігі алты-жеті метрге жететін қарағаштар шынымен-ақ талай он жылдықтың куәсі болған. Кейбірі түрлі улы газға толы Өскеменнің «өкпесіне» оттегі беріп отырған осылар деп кесуге қарсылық білдірсе, өзгелері балалар қауіпсіздігі бірінші орында тұруы керек дегенді басшылыққа алды.


Ағаштарды аласартса дейді
Шешімі бар дейді шенеуніктер.
– Бұл мекенжайда ағаштарға санитарлық кесу жұмыстарын жүргізу қажет. Оған рұқсат алу үшін тұрғындарға ПИК немесе «Өскемен қаласының ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне» жүгінуге болады. «Тұрғын үй қорын техникалық пайдалану қағидаларына» сәйкес осы регламент сақталуы үшін ҚР Заңнамасында көзделген тәртіппен ғимараттар мен үй маңындағы аумақты пайдаланумен, сондай-ақ күтіп ұстаумен айналысатын заңды және жеке тұлғалар бар, – деді қала әкімдігіндегілер.
Ескерерлік жайт, Нұртай Өтепов қурағандардың барлығын кесіп тастауды меңзеп тұрған жоқ. Тек қауіп келтіріп тұрғандарының жоғарғы бөлігін кесіп, аласартуын жөн санады. Әр ауладағы биік ағаштарды күтіп ұстаудың өз талаптары бар көрінеді. Яғни, үй иеліктерінің аумағындағы жасыл екпелердің сақталуы мен оларға тиісті күтім жасауды тұрғын үй қорына қызмет көрсету жөніндегі ұйым немесе шарттық негізде мамандандырылған мекеме қамтамасыз етуі тиіс дейді. Солар бекітіліп берілген аумақтарда жасыл екпелерге күтім жасауға, оның ішіндегі ағаштардың жоғары тұсын кесуге, құрғап, қурап тұрған және сынған бұтақтарды алып тастауға міндетті.


Қайда жүгінуге болады?
Демек, сөз етілген мәселе бойынша жоғарыда жазылған мекемеге кез келген тұрғынның барып жүгінуіне болады. Ресми өтініш-шағымнан соң ғана нақты іс-әрекеттер қолға алынатын көрінеді. Өздері айтып тұр.
– Қалалық ТҮКШ, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қызыл бекітілген аумақтардағы жасыл желектерді кесі, шауып алу жұмыстарын жүргізеді, – делінген мәліметте.
Анығы сол, биыл Әміре Қашаубаев көшесі, 22 көшесі мекенжайы бойынша аула аумағын абаттандыру үшін қаржы бөлу жоспарланбаған. Ондай мүмкіндікке ие болу үшін қала әкімдігіне қарасты «Аумақтық басқару орталығы» КММ филиалына өтінім беру қажет. Қала әкімі Жақсылық Омар әр жылы жаңаша келбетке ие болып, өзгеріс болатын аулалар тізімін ұсынып жатады. Сонда аулалар қалай іріктеледі деген сауал туындайды? Жауапты тұлғалар мұның да жауабын берді:
Абаттандыру кезінде қажетті жұмыс түрлерін көрсете отырып, пәтер иелерінің жалпы жиналысының хаттамасында тіркелген тұрғындар келісімінің болуы;
Кондоминиум объектісіне аула аумағын өтеусіз жалға алу шартының болуы;
Аулалық аумаққа шығатын кондоминиум объектісінде жұмыс істейтін бейнебақылау камераларының болуы керек.
Бұдан бөлек, биыл 27 ауланы абаттандыру жоспарланғанын айта кетейік.

Әділхан ЕСІМХАНОВ (Фотосуреттер автордікі)