Өскемендегі «әнші фонтанның» әуендер тізіміне Қайрат Нұртастың әнін қосу туралы ұсыныс келіп түсті

924
көрілім

Өскемендегі фонтанға қатысты әңгіме əлі толастамай тұр. Қала әкімдігі тұрғындардың өтінішінен кейін фонтанның жұмысын сағат түнгі 23:00 уақытына дейін созған. Алайда фонтан маңында тұратын тұрғындар әуеннің тым қатты шығатынына шағымданып жатқан көрінеді.

Қала әкімі Қуат Тұмабаев фонтанның жұмысына қатысты пікірін білдірді. Оның айтуынша, фонтанның әуендері тым қатты шығатыны туралы шағым келіп түскеннен кейін арнайы комиссия тексеруге шыққан.

Біз арнайы комиссия жібердік. Белгіленген нормативке сай кез келген пәтерде шудың деңгейі 50 дБ-дан аспауы керек. Ал пәтерлерге келіп тұрған шудың деңгейі 41-42 дБ мөлшерінде екені анықталды. Демек, бұл фонтан маңында тұрғындарға кедергі келтірмейді деген сөз. Сан түрлі өтініштер келіп түсіп жатыр. Біреуі өшір десе, біреуі мүлде әуен дыбысын бәсеңдетуді сұрайды, – дейді қала әкімі.

Бірақ, сұраушылардың басым бөлігі фонтанның сағат түнгі 23:00 уақытына дейін жұмыс атқаруын өтінгендіктен, қала билігі көпшілікпен санасуды жөн көріп отыр.

Ұсыныстар өте көп. Кейбіреуі Қайрат Нұртастың, кейбірі Уитни Хьюстонның әнін тыңдағысы келеді. Фонтанда ойнап тұрған әуендер сушашқышқа бейімделе жасалған. Әуенді қайта өзгерту үшін де бір айдай уақыт керек. Фонтан Қытайда жасалғандықтан, оны қайта жаңа әуенге бейімдеу де оңай емес. Десе де, халықтың сұраған әуендерін таңдап қосып береміз, – дейді Қуат Тұмабаев.