Шынымен-ақ бұл циклды жұмысқа айналды. Жобалық-сметалық құжаттамада берілген сандар арада айлар мен жылдар өткенде бірнеше еселеніп шыға келді. Иә, бұған қисапсыз көтерілген құрылыс материалдарының бағасы да себепші болғаны сөзсіз. Ертіс көпірінің қайта жөнделуі тәмамадалып, тұрғындар жүзіне қуаныш ұяласа да дәл осы жұмысқа қойылар сауал аз емес, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ең әуелі тұтас кезеңдерге созылған әуре-сарсаң әрекеттің қанша қаржы қажет еткендігіне тоқталсақ. Noks.kz сайтында жоба бастапқыда 2,5 млрд теңгені қамтығаны жазылған. Яғни 2014 жылы жария етілген көптеген БАҚ беттерінде дәл осы сандар желдей есіпті. Ал қала әкімдігі ұсынған мәліметте 2014 жылы нысанға шақталған бюджет мөлшері 2 миллиард 041 миллион 788,0123 теңгені құрады. Мұндай сомма республикалық және облыстық қазынадан екіжақтап бөлінген. Арада жыл өткенде республикалық бюджеттен тағы 1,5 млрд теңге бөлініп, игеріліп үлгерген. 2016 жылы 2 миллиард 405 миллион 416,5 мың теңге қосымша қаржы қарастырылып, соның республика есебінен бөлінген 2 миллиард 115 миллион 582,6 мың және облыстық бюджеттен 138 млн 709,3 мың теңгесі игерілді.
Сонымен 2016 жылға дейін көпірдің жөнделуіне бес миллиард 796 млн 912 мың теңге кеткеніне көз жеткіздік. Былайша айтсақ, бастапқы қаржыдан екі есеге артық. 2017 жылдан кейін тағы өзгеріс енгені сөзсіз. Қала басшылығының қорытынды саны – 10 млрд 858 млн 299 мың теңге. Миллиардтар талқыға түскен тірлік осылай аяқталған екен.