Өскемендегі ипподром қайта іске қосылды

657
көрілім
Шартты фотосурет.

Осыған дейін қаңырап, ат тұяғы тимей бос тұрған Өскемендегі ипподром қайта іске қосылды. Енді қалалықтар бұл жерде ұлттық ат спорты түрлерін тамашалап қана қоймай, жылқымен серуендеу мүмкіндігіне ие болмақ, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Ипподромның ашылу салтанатына қатысқан қала тұрғындары мен қонақтары теңге алу, қыз қуу, жамбы ату сынды тартысты ойындарды тамашалады. Соның ішінде нағыз ортағасырлық серілер шайқасына қызығушылық танытқандардың қарасы көп болды. Темір сауыт киген серілер нағыз семсер, найзамен шайқасып, ханшайым үшін таласып, көпшілікті тамсандырды.

Өте қызықты бағдарлама. Ендігіден бастап бұл ипподромда жылқыларды серуен үшін жалға береді дегенді естігенде қатты қуандық. Осыдан былай осы жер жанұямыздың демалыс уақытын өткізетін сүйікті орындарының біріне айналмақ, – дейді қала тұрғыны Татьяна Литвинова.

Өз кезегінде бос тұрған ипподромға жаңа леп сыйлаған кәсіпкер Мақсат Ағиеков, егер қала тұрғындары жылқыларды жалға алу үшін осында көптеп келіп жатса, немесе шеберліктерін шыңдағылары келсе бұл жердің күнделікті жұмыс істеп тұратындығын жеткізді.
– Біз қала басшылығына ипподром әр сенбі сайын жұмыс істейтіндігі туралы сөз беріп, келісімге отырғанбыз. Бұл қала тұрғындарының бос уақыттарын өткізетін ең танымал жерге айналатындығына сенімдіміз. Мұнда жылқыларды, понилерді жалға береміз», — деді Мақсат Ағиеков.

Естеріңізге сала кетейік, қалалық әкімдік өз тарапынан ипподромға «Фрешмаркет» гастрономынан қатынайтын автобустарды ұйымдастырды.