Өскемен қаласындағы кальян барының иесі төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін қамауға алынды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
24 жастағы кәсіпкер заң талаптарын сақтамай, сағат 22.00-ден кейін кальян барының жұмысын жалғастыра берген. Төтенше жағдай режимін бұзған ер адам 15 тәулікке қамауға алынды.
-Жалпы облыс бойынша тәртіп сақшылары осындай заңбұзушылыққа жол берген 30 кәсіпкерді анықтады. Оның ішінде 12 адам әкімшілік қамаққа алынса (3-15 күнге дейін), 7 кәсіп иесіне 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынған. Сондай-ақ 7 адамның ісі сотқа жіберілді, - деп хабарлады ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетсек, төтенше жағдай кезінде ірі сауда орындарының жұмыс уақыты 10.00-ден 18.00-ге дейін шегерілген. Дәмханалар мен мейрамханалар сағат 22.00-ге дейін ғана жұмыс істей алады. Сонымен қатар ондағы келушілер саны 50 адамнан аспауы тиіс.