Темір тұлпарға мініп, Өскемен қаласындағы «Қазақстан» тауына бағыт алған қыз бен жігітке жол жөнекей жолыққан екі ер адам өздерін тауға ала кетулерін сұрайды. Көлік ішінде түймедей ғана түсініспеушілікті түйедей еткен жолаушылар жігітті соққының астына алып, көлік тізгініне өздері отырып алған. Бұдан соң олардың бірі жәбірленушіні «Қазақстан» тауынан 10-15 метрдей жерге сүйреп апарып, тепкіге салса, екіншісі бойжеткенді ары қарай алып кетіп ұра бастайды. Өзінен күші әлдеқайда басым адамға шамасы жетпеген бойжеткен алған соққылардың әсерінен есінен танып қалған. Сол сәтте облыс орталығына уақытша келген 1989 жылғы шымкенттік жігітте қызды зорламақ ой пайда болады… Осыған байланысты сот ісі Өскемен қалалық №2 сотында қаралды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Кездейсоқ жолаушылар
Түнгі Өскеменнің көркін тамашалау үшін 20 жастағы Сергей (адам аттары толықтай өзгертілген) құрбысын ертіп, жеке көлігімен Красин ауылының маңындағы «Қазақстан» тауына қыдырып барады. Тау етегіне келіп, көлікпен биікке қарай көтеріліп бара жатқанда олардың алдынан 2 ер адам шығып «Бізді де ала кетіңдерші» деп өтінеді. Сергейдің келісімін алған Абылай мен Жанұзақ көлікке отырып алған соң көліктегі бозбала мен бойжеткенге өздерімен бірге ішімдік ішуді ұсынады. Сөйтіп, олар спирттік ішімдік алу үшін бағыттарын сол маңайдағы Пушкин көшесінде орналасқан «Шыңғыс» дүкеніне қарай бұрады.
Жолда Сергейдің көлікті жоғары жылдамдықпен жүргізгенін ұнатпаған Абылай оған ескерту жасайды. Көлік жүргізушісі оның бұл сөзіне аса құлақ аспаған. Межелеген дүкенге жетіп, керектің бәрін алғаннан кейін Абылай ескертуін елемеген Сергейдің әрекетін аса маңызы жоқ болса да сылтау етіп, байбаламға салады. Ол көлік қасында тұрған жігітті балағаттап, оның бетіне екі рет жұдырығымен соққы жасайды. Осы кезде Сергей осыған дейін шешіп алынған «ВАЗ 2101» көлігінің алдыңғы бамперін машинаның жүксалғышынан алып, жан-жағына сілтеп қорғанған. Абылай қарсыласының қолындағы бамперді жұлып алып, оның оң аяғынан едәуір күшпен ұрып жібереді. Соққы жеген Сергей арыққа құлап түскен. Сол уақытта көлік ішінен Наташа шығып, Абылайды сөзбен сабырға шақырмақ болғанда оның қасында тұрған Жанұзақ 21 жасар Наташаны екі рет шапалақпен тартып жібереді. Бұл шытырманнан соң төртеуі қайта көлікке отырған, алайда көлік рөліне өздерінің күштілігін танытқан Абылай мен Жанұзақ жайғасады. Сергей мен Наташаның еш қарсылық білдіре алмайтынын түсінген екеуі «Қазақстан» тауына қарай бағыт алады.
Діттеген жерге келгеннен кейін олар бұзақылық әрекеттерін ары қарай да жалғастырған. Жанұзақ Сергейді көліктен жұлқып шығарып, жоғары тауға қарай 10-15 метр жерге сүйреп апарса, Абылай Наташаны сқарама-қарсы бағытқа қарай мәжбүрлеп алып кетеді. Жанұзақ көлік иесін көк ала қойдай тепкілеп, дүкеннен алынған аққайнар (шампанское) шөлмегімен басынан екі рет соққы жасайды. Ал жасы 30-ға таяған Абылай Наташаны құлатып, шашынан ұстап, басын жерге ұрғылай бастаған. Алған соққыдан қыз есінен танып қалады. Бұнымен тоқтамаған ер адам Натанашаның бетінен тағы да екі мәрте ұрады. Қыздың есін жиғанын көрген Абылайда оны зорлауға қылмыстық ниет туындаған. Өзінің нәпсілік қажеттілігіне жету мақсатында ол еш қорғансыз жатқан қыздың джинсиын шешкен. Осы кезде бар жан-тәнімен қарсыласқан Наташа орнынан тұрып алады, бірақ… Нәзік жанға қарағанда күші көп Абылай оның қолынан ұстап, жерге қайтадан құлатады. Өзінің шалбары мен іш киімін шешкен ол бойжеткенді зорлау ниетінен айнып, оның орнына өз-өзін қанағаттандырумен айналысқан. Сол уақытта олардың қасына келген Жанұзақ Наташаны жұдырығымен және алақанымен бірнеше рет ұрып, оны көліктің артқы орындығына әкеліп, Сергейдің жанына отырғызады.
Бұл аздай, екі ер адамға өзгенің мүлкін ашық ұрлауға бағытталған қылмыстық ой келеді. Осы мақсаттарын іске асырған олар көлік иесіне тиесілі 5 000 теңге тұратын «Нокиа 101» маркалы ұялы телефонды және қыздың сөмкесіндегі 80 000 теңгелік «Самсунг Галакси Гранд Прайм» телефонын, ішінде 5 000 мың теңге ақшасы бар құны 4000 теңгені құрайтын әмиянымен қоса басқа да заттарды қолды қылады. Ары қарай қылмыстық жауапкершілік пен жазадан құтылу мақсатында Жанұзақ автокөліктің салонынан отвертканы алып, Сергей мен Наташаға «Полицияға хабарлассаңдар, сендерді тауып аламыз. Сол кезде бұдан да жаман болады» деп сес көрсеткен.
Осыдан кейін өзгенің көлігін қайта заңсыз иеленген олар Пушкин көшесіне қарай бағыт алады. Жолда «Шыңғыс» дүкенінің жанынан Абылай түсіп қалса, Жанұзақ Левоневский көшесіндегі тұрғын үйге жетіп алады. Сол жерде барлық «олжаларын» алып, көліктен шыққан ол Сергейге «Енді боссың. Өз жайыңмен кет» дейді.
Жазадан жалтармады
Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, бұл оқиғадан соң Сергейдің бас миы шайқалса, қызда жабық ми мен жоғарғы еріннің жарақаты, денесінде және қолы мен аяқтарында қан ұюлары мен сырықтары анықталған. Өскемен қалалық №2 сотында қаралған сот ісінде Шымкент қаласының тұрғыны болған Абылай өз кінәсін мойындаудан бас тартып:
– Ол күні мен Өскемен қаласында болған жоқпын. Осыдан шамамен 15 күн бұрын Өскеменде жүргенім рас. Ондағы мақсатым – алты өзбек ұлтты азаматтарды «Ривьера» тұрғын үй кешенін салуға әкелген едім, алайда олардың қажетті құжаттары дұрыс рәсімделмегендіктен кетіп қалдым. Жәбірленуші қыз бен жігітті мүлде танымаймын, – деп жауап берді. Сот материалдарына сүйенсек, үйленген Абылай бұрын сотты болмаған екен.
Сот шешімі бойынша айыпталушылар ҚР ҚК-нің 200-бабы 2-бөлігі 1–тармағымен, 293-бабы 2-бөлігі 1–тармағымен, 191-бабы 2-бөлігі 1,3–тармақтарымен, 107-бабы 2-бөлігі 5–тармағымен қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Үкім заңды күшіне енді.