Өскемендегі «Кел, сөйлесейік» клубында ниет білдірушілерге қазақ тілін үйретуде

430
көрілім

Қазақша сөйлеуді үйренгісі келген өскемендіктер Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханадағы «Кел, сөйлесейік» клубының сабақтарына барып жүр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Кешкі жиынға қала әкімі Жақсылық Омар қатысып, келушілерге қолдау білдірді.
- Біздің «Кел, сөйлесейік» әңгімелесу клубымыздың сабақтарына әрдайым қуана қатысамын. Бұл бастама осы жылы талай табысқа жетті. Бүгінде көпшілікке қолжетімді 13 клуб бар. Сонымен қатар Өскемен ЖЭО мен "Эмиль" кәсіпорындары өз бастамаларымен аталған клубтың филиалын ашып отыр. Мемлекеттік тілді үйренуге ниет танытқандар саны 600 адамға жуықтайды, - деді шаһар басшысы.
Олардың ішінде 450 адам – белсенді қатысушылар. Жақсылық Омар клуб жұмысы алға басуы үшін жан-жақты қолдау білдіруге дайын екенін жеткізді.
С. Аманжолов атындағы ШҚУ қазақ тілі мен әдебиет пәнінің 2-курс студенті Мария Колчина қазақшаға судай. Өзі осы үйірмеде сабақ беріп жүр. Оның мемлекеттік тілді үйретудегі қолданатын әдісі де ерекше. Барлығын жеңіл түсіндіреді, ал оның ойын көмекшісі Василий Березовский лезде жалғап әкетеді. Үйірме кезінде түрлі ойындар да ойнатылды.

 


- Тіл үйретуде теория-практика әдісін қолданамын. Теория кезінде негізгі сөздердің базасын беріп, кейін оны практикада ауызша дамытамыз. Оқушылармен қазақша көп сөйлесу керек, сонда ғана олардың білімдері шыңдалады, - деді Мария.
Кешкі сабаққа жиналған аудиторияның көбі орта жастағы адамдар. Кітапхана залында дөңгеленіп отырып, шер тарқасады. Василий Березовскийдің сөзінше, әр уақытта кемі 1-2 сөз жаттап-ақ мемлекеттік тілді меңгеруге болады.

 

Валентина СЕЙІТҚАНОВА