Жеңіс күні мерекесі қарсаңында Оралхан Бөкей атындағы орталық қалалық кітапханада кинозал ашылды. Шараға Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит, мектеп оқушылары қатысты. Кинозал «Казцинк» компаниясының демеушілігімен ашылып отыр.
Кинозалдағы экранды орнатқаннан кейін бірден «Қазақ кино» апталығы басталған. Көрсетілетін фильмдердің сапасы жоғары болмақ, өйткені фильмдер тікелей «Қазақфильмнен» сатып алынған. 2-6 мамыр аралығында оқушылар мен жастар үшін «Құнанбай», «Томирис», «Қыз Жібек», «Жаужүрек мың бала», «Қазақ хандығы» атты фильмдер кітапхананың үлкен залында ұсынылуда. Залға бір мезгілде 50-ден астам адам сияды. Фильмдер еш ақысыз көрсетілуде.
- Кітапхана басшылығы мен ұжымы балаларға қандай да бір нәрселерді үйретуде үнемі заманауи бағытты таңдайды. Міне, бүгін біз кинодәріс өткіздік. Бұл кинодәрісті балалар өте жақсы қабылдайды. Өйткені олар тек жазудан, кітап оқудан жалығады. Сондықтан да кинодәріс арқылы балаларды білімге ұмтылдыру жеңілірек. Бүгінгі дәрісте оқ пен оттың арасында жүрген батырларымыз Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Хиуаз Доспанова, Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың өмір жолы және ерліктері айтылды. Сондай-ақ 9 мамыр – Жеңіс күніне орай «Біздің қаһармандар» атты кітап көрмесі өтті, - дейді кітапхана қызметкері Бақытжан Торғаев.
Кинодәріс - балаларға сабақ оқытудағы тиімді бағыттардың бірі. Кітапханадағы кинозал көлемі жағынан үлкен, сапасы да жоғары.
- Бүгінгі кино-дәрісте батыр ата-бабамыздың ерліктерімен таныстым. Олар біз, яғни жастар үшін соғысқа барған. Мен де сол аталарым сияқты болғым келеді, - деп шараға қатысқан оқушылардың бірі өз ойын білдірді.
Айта кетейік, фильмдер болатын уақытты кітапхананың сайтындағы кестеден білуге болады.
Ариана Муратканова