Өскемендегі қоғамдық көліктер қашан жөнделеді?

482
көрілім

Жұмыс бабымен қалаға шыққанда ылғи қоғамдық көлікке отырамын. Шыны керек, автобустардың жай-күйі жан шошырлық! Біріншіден, автобустың газ шығаратын түтігі – түнерген қара бұлт сияқты; тұрғындар болса аялдама тұрып, зиянды ауа қалдықтарын жұтады; екіншіден, шынылары буланып, айналаға зер салуға мүмкіндік жоқ; үшіншіден, барлық есік бірдей ашылмайды; ал төртіншіден, салонның іші де жанды жабырқататындай! Орындықтары жыртылған, иісі де жағымсыз. Ең жаманы, төбесі бүтін болмағандықтан жаңбырдан кейін дымқыл тартып тұрады. Білгім келетіні, автобустардың жай-күйі осындай болса электронды билеттендіруге ауыстыру үшін қыруар қаржы шығарудың не керегі бар?

Жанар Бекербаева

Бұл сұраққа облыстық әкімдікте жолаушы көліктері жылжымалы құрамының 60 проценттен астамы жаңартуды қажет етеді деп жауап берді:

«Скания» маркалы кейбір автобус маркаларында расымен де терезеден ешнәрсе көрінбейді. Неліктен? Автобустар салон деформациясын бастан кешіргендіктен, шыныпакеті екі есе ашылып кетеді де ылғал тиген соң бұлыңғырлана түседі. Қалалық бағыттар арнайы байқау негізінде анықталған тасымалдаушылармен қызмет көрсетіледі.

– Жолаушыларға сапалы қызмет көрсету үшін «РОСТ» ЖШС-нің техникалық қызметі бұлыңғыр терезелерді қайта жабдықтау жұмыстарын жоспарлауда. Дегенмен бұны жүзеге асыру біршама қаражатты қажет етеді, – дейді әкімдікте. Бұлыңғыр терезелерді қайта жабдықтау және оларды ауыстыру жұмыстары осы жылы атқарылатын шаралар тізіміне енгізілді.

Одан бөлек, 85 замануй автобус сатып алу ойластырылып отырған көрінеді.

Ал Өскемендегі қоғамдық көліктердегі жолақы төлеу және автоматты жүйені енгізуді бақылауда ұстау мәселесіне келсек, бұнда жобаны мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жүзеге асырылу жоспарға алынған.