Өскемендегі көпсалалы онкология орталығында Ашық есік күні өтті

471
көрілім

Ақ халаттылар бұл шараны жатыр мойны қатерлі ісігімен күрес деп те атауға болатынын жеткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ресми ақпаратқа сәйкес, бүгінде республика бойынша адам папиллома вирусына қарсы ауқымды жұмыстар жалғасуда. 11 жасар қыздардан бастап вакцина алулары керек. Мамандар сөзінше, бұл мектептерде де жалғасады.

– Нақтырақ айтсақ, биыл қыркүйек айында, оқу жылы басталғанда енгізіледі. Жалпы, жатыр мойны ісігі алдын алуға болатын жалғыз сырқат түрі. Одан қорқудың қажеті жоқ. Бұл кішкентай қыздар жыныстық қатынасқа түспей тұрып жасалатын шара. Адамд папиллома вирусы жатыр мойнындағы эпителийді зақымдайды. Қазір бұған әлем деңгейінде мән берілуде. Адам папиллома вирусына қарсы вакцина алған қыздардың 80 пайызында жатыр мойны ісігі төмендеген, – деді облыстық көпсалалы онкология және хирургиялық орталықтың онкогинекологы Әсел Қарабалаева.

Аталған орталықтағы онкохирургия бөлімінің меңгерушісі Рауан Сейтбаевтың сөзінше, асқазан және ішек жолдары қатерлі ісігін алдын алу әркез дәрігерлердің күн тәртібінде. Ашық есік күнінде кез келген өңір тұрғынын қандай да бір жолдамасыз тегін қарап, ем-дом жасауда бағыт береді.

– Асқазан және ішек жолдары қатерлі ісігінің алдын алу Қазақстанда скрининг бағдарламасы негізінде жүзеге асырылады. Ол 50-70 жас аралығындағы адамдарды қамтып, екі жыл сайын ақысыз негізде орындалады. Әр адамның өз денсаулығына жауапкершілігі сапалы тексеріске ұласады. Скринингтен өтпейтін адамдар кездеседі. Егер белгілі бір тұрғынның әке-шешесі ауруға шалдықса, олар 40 жастан бастап скринингтен өтулері керек, – деді Рауан Сейтбаев.

Ашық есік күні таңертең сағат 09:00-де басталды. Содан бастап бір-екі сағат ішінде төрт адам қабылдаудан өтті. Өкінішке қарай, соның үшеуінде қатерлі ісікке күмән бар. Сол себепті, әрі қарай тексеруге жіберілді.

– Онкологиялық сырқатпен күрес барысында қатерлі ісіктердің бастапқы кезеңдерін табу жолындамыз. Қазіргі және өзіміз жүргізген статистикаға сүйенсек, 1-ші және 2-ші деңгейдегі ісіктің 50 пайызын анықтап үлгердік. Нәтижені бұдан әрі жақсартуды көздеп отырмыз. Яғни, ендігі меже 80 пайызға жетуі тиіс, – деді бөлім меңгерушісі.

Ақ халаттылар скринингтік тексерістің дертті алдын алуда таптырмас әдіс екенін жеткізді.

Асыл АЙТБАЕВ