Өскемендегі «Лу Бань» шеберханасы электромобиль зауыттарына қажетті инженерлік кадрларды даярлауда

458
көрілім
Фото сурет автордыкі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің келісімі негізінде Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында «Лу Бань» шеберханасы ашылған болатын. Жаңа буын инженерлерін даярлайтын осынау орталықтың жұмыс істеп тұрғанына жарты жылға жақындап қалды. Сонда барып, қазіргі нәтижелермен және алдағы жоспарлармен танысып қайтқан едік, деп хабарлайды  Buqara.kz сайтының тілшісі

Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылдың 18-19 мамырында Қытайдағы «Қазақстан – Орталық Азия» саммитінде Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен Қазақстан аумағында машину жасаудың заманауи шеберханасын ашу жайлы келісімге келді. Содан соң ШҚО әкімдігі мен ҚХР-дың Тяньцзинь қаласының билігі арасында «Лу Бань» шеберханасын құру туралы келісімшартқа қол қойылып, Шығыс Қазақстан техникалық университеті мен Тяньцзинь кәсіптік институты (TVI) арасында меморандум жасалды.  
Сол жылдың тамыз айында университеттегі 15 оқытушы Тяньцзиньге сапар шегіп, өз біліктіліктерін арттырып келді. Ал желтоқсан айында Өскеменде шеберхана ресми түрде ашылды. Осылайша, «Лу Бань» шеберханасы орталық Азия елдері арасында алғаш рет өз жұмысын бастады.   
Мұнда инженерлерді бүкіләлемдік CDIO бастамасы аясында оқытады. Студенттер электр стансалары мен аккумуляторлық батареяларды жөндеуге машықтанып, машина жасаудың қыр-сырын меңгереді. Заманауи шеберханада жоғарғы оқу орнындағы «Көлік, көлік техникасы және технологиялары», «Тасымалдауды, қозғалысты және көлікті пайдалануды ұйымдастыру» мамандықтарының 400-ге жуық студенті білім алуда.
«Лу Бань» шеберханасының 4 зертханасы бар. Біріншісі – жанармайлы қозғалтқышты автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және диагностикалау. Екіншісі – дәстүрлі автокөлік жүйелерін симуляциялық сынау.


Үшіншісі – электромобильдерге және гибрид көліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және диагностикалау.
Төртіншісі – автокөліктердің SMART-технологиялары.  
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылдың ақпан айында осында келіп, шеберхана жұмысымен танысып, жоғары бағасын берді. Шеберхана жастарымызға нарықтағы озық технологиялармен жұмыс істеуді қалай үйретуге болатындығын көрсетіп берді. Жоғары білікті мамандар Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі компанияларға жұмысқа орналасып, мұнда үйренгендерін кәдеге жарататынына сеніміміз кәміл. Әлем бойынша барлығы 30-ға жуық «Лу Бань» шеберханасы бар. Алдағы уақытта Қазақстанда тағы да шеберханалар ашылады деп күтілуде. Біз өз тәжірибемізбен бөлісуге қашанда әзірміз», - дейді  ШҚТУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Әсия Машекенова.  
Университетте 15-тен астам жаңа пән енгізіліп, олардың мазмұны электромобильдерді, гибридті көліктерді және дәстүрлі көліктердің SMART технологияларын зерттеуге бағытталған. «Astana Motors» компаниясы да ЖОО-мен келісімге келіп, өз қызметкерлерін шеберханаға оқуға жіберіп, ортақ жобаларды қолға алуға ниетті. Университет оқытушылары да біліктіліктерін арттыруды жалғастырып, осы және келесі жылы да Тяньцзинь кәсіптік институтына барады.


«Лу Бань» шеберханасы бізге инновациялық мүмкіндіктер ашып, жаңа құрылғылармен танысуға жағдай жасады. Оқу барысында көп дүниені үйреніп, білмегеніміздің жауабын осында тауып жатырмыз. Көліктің кішкентай бір бөлшегінен бастап үлкен қозғалтқышына дейін қолмен ұстап көріп, оның қалай жұмыс істейтінімен танысудамыз. Электромобильдер құрылымын бүге-шүгесіне дейін біліп, оларға қалай қызмет көрсетуді меңгерудеміз. Диплом алған соң көліктік техника қолданылатын зауыттардың біріне жұмысқа тұруды жоспарлап отырмын», - дейді «Көлік, көлік техникасы және технологиялары» мамандығының 3-курс студенті Қуандық Манапов.  
Қорыта кетсек, бұл шеберхана Қазақстанда электромобильдер шығаратын зауыттарда жұмыс істейтін сұранысқа ие инженерлік кадрларды даярлауда.  Алдағы уақытта «Smart Driving Technology» инжинирингтік орталығы құрылып, академиялық және ғылыми-зерттеу аспектілері бойынша электрмен жұмыс істейтін көлік жабдықтарын шығаратын зауыттармен ынтымақтастық орнатылады деп көзделуде. Өз жемісін беріп жатса алда Қазақстанның басқа да өңірлерінде осындай шеберханалар бой көтермек.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ