Өскемендегі мамандандырылған ХҚКО жаңа ғимаратқа көшеді

384
көрілім

 4 қарашадан бастап Өскемендегі мамандандырылған ХҚО секторы жаңа, кең  ғимаратқа көшеді. Бұрын Сәтбаев көшесі 34/2 мекенжайы бойынша  автоқызметтер көрсеткен бөлім енді Гавань шағын ауданындағы арнайы ғимаратқа ауыстырылады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Орталықта 15 қызмет көрсету терезесі, жүргізуші куәлігін ауыстыруға арналған 3 терезе, сондай-ақ өзіне-өзі қызмет көрсету секторына арналған 12 үстел бар. Азаматтар мемлекеттік қызметтерді өздігінен ала алады. Қызмет алушыларға ыңғайлы болу үшін 50-ден астам көлікке арналған тұрақ қарастырылған.

 – Бұрын Сәтбаев көшесіндегі фронт-кеңседе мемлекеттік қызметтермен қатар автоқызметтер де көрсетілетін. Сондықтан әлеуметтік салаға не құжаттандыруға қатысты қызмет алуға келетін тұрғындармен көлік иелері бір-біріне ыңғайсыздық тудыратын. Бөлім қызметі бойынша өскемендіктердің ұсыныс-тілектері көп болды, қызмет алушылардың санын ескеріп, біз жаңа, ыңғайлы ғимаратты жалға алып, көлікті тіркеу мен жүргізуші куәлігін алуға қатысты қызметтерді арнайы ғимараттан алатындай мүмкіндік жасадық. Қызмет көрсетуші операторлардың да, көлік жүргізушілерінің қызметті өздігінен ала алатын үстелдердің де санын арттырудамыз, – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ШҚО бойынша филиалының директоры Азамат Есембұлов.

Естеріңізге сала кетейік, автоқызметтер көрсетілген Сәтбаев көшесі 34/2 және Қазақстан көшесі 159/4 мекенжайлары бойынша орналасқан ХҚКО-лар әдеттегі кестеге сәйкес, жалпы мемлекеттік қызметтерді көрсетуді жалғастырады.

Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс кестесі бұрынғыдай дүйсенбі-сенбі аралығында сағат 09.00-ден 20.00-ге дейін істейді.

Өскемендегі фронт-кеңселердің мекенжайлары:
ХҚО №1 бөлім  - Сәтбаев көшесі, 34/2;
ХҚО №2 бөлім  - Қазақстан көшесі, 99/1;
ХҚО №3 бөлім  - Белинский көшесі, 37а;
ХҚО №4 бөлім  - Қазақстан көшесі, 159/4;
Мамандандырылған ХҚО секторы – Абай көшесі, 203/3.