Өскемендегі Назарбаев мектебінде Тәуелсіздік күніне арналған шара өтті

421
көрілім

Өскемен қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған «Жусан – Ұлы дала тарихының куәсі» атты салтанатты шара өтті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Шараның мақсаты – оқушылардың ұлттық сана сезімін, саяси сауаттылығын ояту. Туған жерін, елін сүйетін, ұлтжанды, намысшыл адамгершілігі мол азаматтарды тәрбиелеу.
Жусан – қазақ даласының жұпар иісі. Даласын сағынса кеңдігін, самал желін сағынса жусанын аңсайтын жұрттың басты құндылығы ретінде мерекелік кештің басты тақырыбы, осы жусанмен байланысты болды. Салтанатты шараның ашылуы «Сағындырған жусан даласы» деген сахналанған қойылымнан басталды. Басты кейіпкер, төскейде жүрген өз елінің азаматы кіндік қаны тамған топырағына келіп:
Кезікпес қай пендеге тар бөгеттер,
Күндер көп бұлыңғырлау шаң боп өткен.
Амалсыз жат жұртта қалған талай қазақ,
Жусанның бір талына зар боп өткен!, - деген зарын айтады.
Ғасырлар бойы уақыт дөңгелегі айналып келеді, айналып келеді. Оқушылардың уақыт түсінігіндегі қазақ ұлтының орнын таныту мақсатында, көрермендерге: «Кеше, бүгін, ертең... Уақыт жалғастығында жік жоқ: таң атса, ертең бүгінге, бүгін кешеге айналады. Демек, кешесіз бүгін, бүгінгсіз ертең жоқ. Сондай-ақ бүгінгі қазақ кім? Мұны тану үшін кешегі қазақты білу шарт. Тамыры жоқ ағаш, тарихы жоқ халық болмайды» деген ой тасталды.
Тәуелсіздік – бодандықтың нүктесі қойылған ұлы оқиға. Бірақ осы ұлы күнге жақындатқан талай тұлғалар, оқиғалар, себептер болды емес пе? Келешек ұрпақ мұны да білуі шарт. Ақыл ақыны Абай, «Тар жол, тайғақ кешкен» Сәкен Сейфуллиндер, Берлинге беттеген Бауыржан Момышұлы, «Азаттық жолындағы азапқа әкелген тәуелсіздік күні» мұның барлығы еліміздің өткені мен бүгінін сабақтастырған кеш барысында суреттелді.