Өскемендегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің босап қалатын ғимараты қай тілдегі мектепке беріледі?

953
көрілім

Биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап, Өскемендегі Назарбаев зияткерлік мектебінің (НЗМ) ұжымы мен оқушылары Облыстық Драма театрдың жанындағы жаңа ғимаратқа көшеді. Сәтпаев даңғылында салынып жатқан білім ордасының сән-салтанатында мін жоқ – Шығыстағы ең еңселі мектепке айналары даусыз. Демек, Жібек маталар комбинаты (ЖМК) шағын ауданындағы НЗМ-нің қазіргі ғимараты алдағы уақытта босап қалайын деп тұр.

Аралас мектеп бола ма?

НЗМ-нің қазіргі ғимараты қай тілдегі мектеп болатыны жөнінде қалалық білім бөлімінің басшылығына сұрау хат жолдадық. Ведомство басшылығының жауабына сәйкес, қазіргі уақытта Комсомол көшесі 43/1 мекен-жайында орналасқан мектеп ғимаратын Өскемен қаласы әкімдігінің коммуналдық меншігіне қабылдау үрдісі жүзеге асырылып жатқанға ұқсайды.

Аталған шағын ауданда тұратын мектеп жасындағы балалар қажеттілігіне сәйкес, қазақ және орыс тілінде оқытатын мектепті ашу жоспарлануда, – делінген жауап хатта.

Демек, қалалық білім бөлімінің жауабына сүйенсек, мектеп аралас тілде ашылады. Алдағы уақытта бекітілген ережеге сәйкес, мектепке жақын орналасқан аумақта тұратын балаларды аталған мектепке қабылдау жұмыстары жүргізілмек.

Қазақ мектебін ашуды сұрадық

Облыстық мәслихат депутаты Зарина Камасованың айтуынша, Өскеменнің Жібек маталар комбинатында бүгінгі күні №24, №26, №45, №46 және №44 лицейде оқушы саны шамадан тыс артуы жөнінде мәселе туындаған. Мысалы, №26 аралас мектеп 694 балаға арналғанымен, ондағы 54 сыныпта 1221 бала оқып жатыр. Осыған ұқсас, 26 мектеп те 767 балаға арналған болса, ондағы оқушы саны бүгінде 1134-ке жеткен.

Депутатта жолданған сұрау хаттың жауабына сәйкес, 2015 жылы ғана №44 лицейден 27 сынып, яғни 700 оқушы (27 сынып) №46 орта мектепке көшірілген. Десе де, №44 лицейде оқушы саны азаймапты. Айналдырған екі жылдың ішінде ондағы оқушылардың саны тағы тағы да 1100-ден асып кеткен. Тіпті төменгі сыныптарда 30-31 баладан оқып жатыр (негізі 25 болуы тиіс).

Зарина Камасова 45 орта мектепте де жағдай мәз еместігін хабарлайды. 1976 жылы салынған мектеп 666 балаға арналғанымен, қазір онда 848 оқушы білім алады. 1000 орындық 46 мектепте 1368 оқушы бар. Ол білім ордасының бірінші қабатындағы 7 сынып бөлмесін коррекция кабинеттеріне берілген. Онда 300 баланы оқытуға болар еді. Демек, жоғарыда аталған бес мектепте 1500-ден артық оқушы оқып жатыр. Бұған қоса, жаңа балабақша да бүлдіршіндерге лық толы. Өскеменнің 19-шағын ауданы мен Жібек маталар кенті ұлғайып келе жатқаны ескерсеңіз, бұл аудандарға тағы да мектеп керегін аңғаруға болады.

Қала әкіміне де, облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіповаға Назарбаев Зияткерлік мектебінің ғимаратын қала құзырына беру жөнінде бастама көтерілген. Облыстық Білім басқармасы мен қалалық білім бөлімінің басшылығына депутаттық сұраулар жіберілді. Қазіргі уақытта облыс әкімінің шешімімен ғимарат қала құзырына берілді. Біз мүмкіндігінше бұл мектептің (НЗМ босап қалатын ғимараты) мемлекеттік тілде ашылуын сұрап жүрміз, – дейді Зарина Камасова.

Демек, бұл мәселені жергілікті билік әлі де талқылап жатқанға ұқсайды. Келесі оқу жылына көп уақыт қалмаса да, бұл нысанның қай тілде оқытатын мектеп болып ашылатыны әлі жұмбақ болып тұр.