21 қаңтар күні Өскемен қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 8 сынып оқушылары арасында «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атты зияткерлік ойыны өткізілді, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Шара «Менің өмірімде қолданатын мақал-мәтелдер» жобасы аясында ұйымдастырылған.
Сайыстың басты мақсаты - оқушылардың тіл байлықтарын дамыту, ана тіліне деген сүйіспеншіліктерін арттыру, халық мұрасын, ұлттық құндылықтарды насихаттау, мақал- мәтелдерді өмірде қолдана білуге баулу.
Сайыс үш кезеңнен тұрды:
1- кезең мақал-мәтелдерді мазмұнына қарай топтастыру;
2 -кезең бейнебаяндағы рөлді сомдады, көріністегі ойды мақал-мәтелмен тұжырымдау;
3 - кезең әр түрлі жағдаяттарды шешу арқылы ой- түйінін мақал-мәтелдермен қорыту.
Қатысушы өрендер сайыстың қай кезеңінде болмасын, нақыл сөздерді ұтымды қолданып, тапқырлық таныса білді. Жобаға сәйкес қаңтар айына белгіленген «мінез» тақырыбына сай мақал-мәтелдерді де ұтымды пайдалана алды.
Сайыс Абай Құнанбаевтың 6-шы қара сөзіндегі «Өнер алды - бірлік, ырыс алды – тірлік» туралы даналық сөздерімен қорытындыланды. Абайдың «бірлік - ақылға бірлік екенін, көкірегі ояу, көңілі тірі болса, сол тірлік» деген оймен оқушылар сайысты тұжырымдады.
Әділ қазылар алқасы мен сайыс қонақтары қатысушыларға оңды пікір білдіріп, Мақтау қағаздарымен марапаттады.