Облыс орталығында тұңғыш рет жеті спорт түрі бойынша Қажымұқан атындағы облыстық жеке күрестен мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер олимпиадалық резерв мектебінің ашық біріншілігі өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Көпшілікке таңсық болып тұрған шығар. Айтпағымыз, сайыс жұршылыққа әу баста таныс Жекпе-жек сарайында өтті. Алайда Тәуелсіздік күні қарсаңында резервті мектебіне ресми түрде қазақтың әлемге есімі мәшһүр палуаны Қажымұқанның аты беріліп, өңірлік спорттың жаңа бір тынысы ашылғандай болды.
Желтоқсан айындағы жарқын жаңалықтың бірі осы десек, сол айтулы шара аясында өткізілген ашық біріншілік те біршама жоғары деңгейде өтті. Алдымен облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Денис Рыпаков сөз алып, жеткіншектерден тартысты сайыс күтетіндігін жеткізді.
– Бұл күнді үлкен мереке десек те болады. Қазір облыстағы спорт түрлерін дамыту біршама қалыптасып келеді. Ал осы жерде сап түзеп тұрған балғын спортшылардың ішінде халықаралық, әлемдік сайыстарда аймақ намысын қорғап, ел абыройын асыратын жеткіншектердің тұрғандығына зор сенім білдіремін, – деді басқарма басшысы.
Бұдан кейін өз сөзінде еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ШҚО Спорт ардагерлері қоғамының төрағасы Мұхамедолла Ағзамов аталмыш шараның бұқаралық спорт түрлерін дамытуға сенімді қадам екендігін айтты.
Біріншілік 2005-2007 жылдары туған және одан кіші жасөспірімдер мен қыздар арасында өрбіді. Ұйымдастырушылардың айтуынша қатысушылардың ұзын саны – 700-ге жуық. Яғни әр спорт түрлері бойынша 100-ге тарта спортшыдан бақ сынады.
Нақтырақ айтсақ, дзюдо, еркін күрес, грек-рим күресі, таеквондо, бокс, каратэ және семсерлесу бойынша жүлделі орындар сарапқа салынды. Десе де жүлдегер атанудан гөрі әр қатысушы жеңіске деген жігер танытып, ата-ана мен бапкер сенімін ақтауға тырысып баққандарын байқау қиынға соқпады.
Жарыс ұйымдастырушысы Мерей Қайраттың айтуынша, мұндай сайыс ел көлемінде тұңғыш рет өткізілді. Ауқымды сайысты өткізуге қолдау білдірген облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы мен «Казцинк» ЖШС-ін айта кеткен жөн.
Әділхан ЕСІМХАНОВ