Өскемен қаласындағы оңалту орталығында инсульт пен басқа да ауыр науқасқа шалдыққандардың қимыл-қозғалысын қалпына келтіретін ботулинотерапия әдісі қолданыла бастайды. Медицина қызметкерлерінің айтуынша, мұндай әдіс осыған дейін тек Астана мен Алматы қалаларында ғана қолданылған екен, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Ми қантамырлары жұмысының бұзылуы бұлшықеттердің тартылып қалуына әкеп соғатыны белгілі. Бұл өз кезегінде сал ауруына ұласады. Ал ботулинотерапияда берілетін ботулоксин препараты бұлшықеттерді бірнеше айға босаңсытады. Осы уақыт аралығында пациент емдік денешынықтырумен айналысып қимыл-қозғалысын қалпына келтіруге мүмкіндік алады.
– 10 қазаннан бастап бізге Мәскеуден мамандар келіп, дәрігерлерімізді оқытады, — дейді орталықтың бас дәрігері Тимур Тортаев. – Қазіргі уақытта ботулинотерапия тек Астана мен Алматыда ғана қолжетімді, ал ,басқа өңірлерде мұндай қызмет көрсетілмейді.