Өскемен қаласының орталығында бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан және пробация қызметінде есепте тұрған тұлғаларға қолұшын созатын оңалту орталығы ашылды. Қазіргі уақытта сол орталықта «Антарес-А» қоғамдық қауымдастығы жұмыс істеп жатыр. Бұл жерде арнайы мамандар қиын жағдайға душар болған адамдарға түрлі көмек түрін ұсынуда, дегенмен оңалту орталығы орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің кейбір тұрғындары осындай «көршілерінің» болғандығына көңілдері толмайтындықтарын айтты. Олардың сөзіне сүйенсек, қылмыс жасап, түрмеде жазасын өтеп шыққандардың орталық көшеде емін-еркін жиі жүруі үрей туғызады.
«Балаларымыз үшін қорқамыз!»
Облыс орталығындағы Қазақстан көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің біріндегі жертөле кезінде балаларға арналған клуб болған. Енді ол бірнеше бөлмелі кішігірім мекемеге оңалту орталығы қоныс тепті. Облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының оңалту орталығын сол жаңа орынға орналастыру тендерін «Антарес-А» қоғамдық қауымдастығы жеңіп алған. Қазіргі уақытта сол қоғамдық кауымдастықтың қызметкерлері өз жұмыстарына білек сыбана кірісіп кеткен. Жертөле тұрған көпқабатты үйлердің кей тұрғындары осындай көршілерінің болатындығына үрейлене қарауда.
– Егер ол жерге түрмеден шыққан адамдар келетін болса қорқатынымыз сөзсіз, – дейді Гүлжанат Ақназарова (аты-жөні өзгертілген). – Әрқайсымызда көзіміздің қарашығындай мәпелеп отырған бала-шағамыз бар. Оларға бірдеңе болып қалса қайтпекпіз?! Бізге ең бастысы, бала-шағамыздың қауіпсіздігі, сондықтан да осындай орталықтың ашылатындығы жайлы хабар көңілімізге қуаныш емес, кірбің әкелгендей.
11 санаттағы адамдарға көмек көрсетілмек
Газет тілшісі оңалту орталығына барып, «Антарес-А» қоғамдық қауымдастығының жұмысымен танысып көрді. Бұл қауымдастықтың қызметкерлері жазаларын түзеу мекемелерінде өтеп шыққан және пробация үйінде есепте тұрған жандарға көмек көрсетіп келе жатқандарына бірнеше жылдың жүзі болыпты.
– Біздің қауымдастық негізінен 2015 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатыр, – дейді «Антарес-А» ҚҚ жетекшісі Виктор Дак. – Басты мақсатымыз – қиын жағдайға душар болған азаматтарға қол ұшын созу. Оның ішіне 11 санаттағы тұрғындар кіреді (бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққандар, жетімдер, ата-анасының қарауынсыз қалғандар, мүгедектер, тұрғылықты мекен-жайы жоқтар т.б). Бұрында көмекке мұқтаж адамдармен кездесіп жұмыс істейтінбіз. Енді дағдыланған қызметімізді жаңа орнымызда атқармақпыз.
Оңалту орталығында мұқтаж адамдар құқықтық, психологиялық, әлеуметтік (түйіндеме жасау, мамандық бойынша бос жұмыс орнын табу, жеке азық түлікпен және гигиеналық пакетпен қамтамасыз етілу) көмек ала алады. Сондай-ақ, оларға құжаттарды реттеуге, ақылы медициналық сараптамаларды тапсыруға, тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркеуге тұруға жәрдем көрсетіледі. Бүгінгі таңда «Антарес-А» ҚҚ-ның есігін қағып, бағыт-бағдар сұрайтын жандар аз емес екен.
– Мысалы, түрмеден шыққан адамға қолына небәрі 180 теңге беріледі. Ал егер ол жазасын өтеу барысында еңбек еткен болса, оның тиісті жалақысы 1-2 ай ішінде ғана түседі. Яғни, ұзақ уақыттан кейін бостандықтың жылы лебін енді сезінген адамда тек екі рет қоғамдық автобусқа отыру мүмкіндігі бар. Олардың шыға сала жұмысқа орналасуы да екіталай. Осы ретте, түзету мекемесінен жаңа босаған адам қалыпты өмірге қайта қадам басу үшін бірқатар қажетті құжаттарды жинау керек. Есептеуіміз бойынша, бұл үшін кем дегенде 5-6 мың теңге кетеді. Олар қалтасындағы 180 теңгені құжат алудан басқа тамақ ішуге және киім алуға қалай жеткізеді? Сондықтан осындай адамдардың жағдайы оңай болмайтындығы анық. Осылайша амалы таусылған азаматтар бізден көмек сұрап келеді, – дейді Виктор Сергеевич.
Оның айтуынша, бұл қоғамдық қауымдастықта 7 адам тұрақты түрде жұмыс істейді. Оның ішінде әлеуметтік қызметкерлер мен арнайы психолог та бар. Ал қажет кезде олардың қатары тағы да түрлі мамандармен толығып отырады. Өткен жылы атқарылған қажырлы еңбектің арқасында «Антарес-А» ҚҚ-ға қоңырау шалғандардың 12-і – көлік жүргізу куәлігін алса, 11 адам газбен-электрмен дәнекерлеуші кәсібін игерген.
«Заңды құқықтарын білмей жатады»
– Біз бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан және пробация қызметінде есепте тұрған тұлғаларды сүттен ақ, судан таза деуден аулақпыз. Десе де, олар өз қолдарымен жасаған қылмыстарын мойындарымен көтеріп, соттың шешімі бойынша тағайындалған жаза мерзімін өтеп шыққаннан кейін Қазақстан Республикасының азаматы ретінде бәрімізбен бірдей құқықтарға ие. Олар көбінесе сол құқықтарын білмегеннің салдарынан көп кедергілерге тап болып жатады. Мысалы, олардың бірі жеке куәлігін жоғалтып алды делік. Ұзақ уақыт темір торды тұрақты мекеніне айналдырған адам сол құжатты қалай қайта жасату тәртібін де білмейді. Халыққа қызмет көрсету орталығына барған кезде ол сол жердегі мамандардың талаптарын мүлде ұқпайды. Ал біз болсақ барлық керекті ақпараттарды асықпай жіті түсіндіріп береміз, – дейді Виктор Дак.
ШҚО Прокуратурасының мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта пробация қызметінде 2 500 адам есепте тұр екен. Ал қылмыс жасап сотты болғандар арасынан қайтадан заңбұзушылыққа жол беретіндер аз емес, сондықтан Қазақстанның бірқатар қалаларында сотталғандардың жүгін жеңілдететін осындай оңалту орталықтары ашылып жатыр. Өскемен қаласында түрмеде жазасын өтеп шыққандардың мәселесімен жан-жақты айналысып жүрген әзірге осы «Антарес-А» қоғамдық қауымдастығы ғана.
– Біз психологиялық ауытқуы барларға, дәрігерлер мен педагогтардың көмегіне мұқтаж жандарға қолұшын созуға қауқарсызбыз, – дейді қауымдастық жетекшісі. – Осындай адамдар да хабарласып жатады, алайда оларға тек қай мекемеге жүгіну керектігін айтқаннан басқа еш көмек көрсете алмаймыз.
Қанша адам жұмыспен қамтылды?
Түзеу мекемелерінен босап шыққан және пробация үйлерінде тіркеуде тұрған адамдар Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына да жиі жүгінеді. Осыған орай, басқарма басшысының орынбасары Асхат Садировты әңгімеге тарттық.
– Бас бостандығынан айыру орындарынан босаған және пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғаларды әлеуметтік оңалтудың тиімді жүйесін қалыпқа келтіру 100 нақты қадам-Ұлт жоспарының 33 қадамын орындау бойынша іске асады. Облыста бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, әкімшілік қадағалау бекітілген, түзеу мекемесінен шартты түрде босатылған тұлғаларға арналған жоспар әзірленіп, бекітілді, – дейді ол.
2017 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша жұмыспен қамту органдарына бас бостандығынан айыру орындарынан босаған тұлғалардан 348 адам жүгінген, соның ішінде тұрақты жұмыспен қамтылғаны – 84, ақылы қоғамдық жұмыстарға жолданғаны – 34, оқытылғаны – 5, әлеуметтік жұмыстармен қамтылғаны – 6. Пробация есебінде тұрған тұлғалардан 533 адам көмек сұрапты, соның ішінде тұрақты жұмыспен – 77 адам қамтылды, ақылы қоғамдық жұмысқа жіберілгендер – 92, арнайы оқу оқығаны – 30, әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылғаны – 9 адам.
– Бас бостандығынан айыру орындарынан босаған тұлғаларды әлеуметтік оңалту жұмыстарын нығайту мақсатында жұмыспен қамту орындарымен, жазасын өтеп жатқан мерзімде түзеу мекемелерінде еңбек нарығына шығуға даяр сотталған тұлғалар үшін ақпараттандыру шаралары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіледі. Жыл басынан жұмыспен қамту қызметінің мамандары 23 түзеу мекемелерінде 1468 адам қатысқан 10 ақпараттық кездесу өткізді, – дейді Асхат Әсетұлы.
Айта кету керек, 2016 жылы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасымен Өскемен және Зырян қаласында пробация қызметінің есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру орындарынан босаған адамдарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету пилоттық жобасы қолға алыныпты. Шара барысында 340 адамға заңгерлік, психологиялық, әлеуметтік және медициналық көмек көрсетілді.
Ел қатарына қайта қосылған
Кездесу барысында «Антарес-А» ҚҚ жетекшісі Виктор Дак оңалту орталығының қызметкерлері көрсеткен көмектің арқасында өзінің өмірлік бағытын тауып, қоғам қатарын толтырған адамдар жайлы сөз қозғады.
– Бір күні орталығымызға ауыр қылмыс жасап, ұзақ жылдар бойы темір тордың ар жағында болған әйел адам келді, – деп еске алды ол. – Бастапқыда оның жағдайы расында да ауыр болған еді. Жәбірленушіге беретін азаматтық талабы (гражданский иск) өтелмеген азаматша қаражаты бар болғанымен, керекті құжаттарды реттей алмаған. Оған сот орындаушылары да көмектесуден бас тартыпты. Мемлекеттік органдар болса жәбірленушіге барып сол қаражатты қалай өтейтіндігін ақылдасуы керектігі туралы айтқан. Ал ауыр қылмыс жасаған ол өзінің қауіпсіздігін ойлап, кездесуге баруға батылы жетпеген. Сөйтіп, біздің құқық жағын реттейтін қызметкерлеріміздің араласуымен оның осы мәселесі оң шешімін тапты. Сонымен қатар, ол әйелдер ғана жұмыс істейін такси қызметіне жүргізуші болып орналасқысы келетінін айтқан еді. Оның автомектепте білім алуына жағдай жасап, бұл мақсатын да орындауға мүмкіндік бердік. Қазіргі уақытта сол әйел өз еңбегімен табыс тауып, ел қатарлы өмір сүріп жатыр.
Бір қызығы, «Антарес-А» ҚҚ-да әлеуметтік қызметкер лауазымында тер төгіп жүрген Владимир Кемберле 22 жылын түзеу мекемелерінде өткізген адам. Талай мәрте ұрлық жасап сотты болған азамат кезінде есірткіге тәуелді болған. Ал қазір ол тура жолға түсіп, 4 жылдан бері аты аталған қауымдастықтың белді мүшесі атанып келеді.
– Түрмеден енді шығып, бізден ақыл сұрап келетін адамдарды түсінемін. Өз басымнан өткеннен кейін олардың мұңы мен зарын жүрегіммен сезе аламын. Тағдырымыз ұқсас жандарға өмірлік тәжірибемді айтып, кеңесімді беремін. Кез келген адам рухани берілмесе, қандай жағдай болмасын жеңіп шығады! Ең бастысы, ішкі сенімді жоғалтпау керек, – дейді Владимир Кемберле.
Біздің анықтама
«Антарес-А» қоғамдық қауымдастығы дүйсенбі-жұма күндері сағат 9.00-ден – 18.00-ге дейін жұмыс істейді (13.00 – 14.00 – түскі үзіліс). Оңалту орталығының жетекшісі Виктор Дактың телефон нөмірі – 8 (776) 494 85 85.