Өскемендегі Оралхан Бөкей ескерткішінің опырыла бастаған тұғыры жөнделді

522
көрілім

Бұқара.кз сайты мен "Менің өлкем" газетінде «Оралхан ескерткіші опырыла бастады» атты мақаламыз жарық көрген болатын. Бұл материалда біз облыс орталығындағы классик жазушы Оралхан Бөкей мүсінінің мүсәпір күйге енгендігін жазған едік. Бүгінде ескертуіміз еленіп, опырылып тұрған ескерткіштің тұғыры жөнделіп қойыпты.

Оралхан Бөкейдің ескерткіші Жібек маталар комбинаты ықшам ауданындағы Өтепов көшесінің бойына 2013 жылы орнатылған. Арада алты жыл өткенде иегі шытынап, бояуы бүлінген ескерткіш қабыршықтанып түсе бастаған. Мақаламыз Бұқара.кз сайты мен "Менің өлкем" газетінде жарық көргеннен кейін олқылықтың орны толықтырылды.

Мақалаға дейін

Мақаладан кейін

Дегенмен қазіргі уақытта құймасы опырыла бастаған ескерткіштің тұғыры жөнделсе де мүсіннің иегі шытынап тұр. Бүліне бастаған бояуы да «баяғы жартас – сол жартас» күйінде.

Оралхан ескерткішінің қашан толықтай жөнделетінін анықтап білу үшін Шығыс Қазақстан облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Өскемен қаласының әкімдігіне ресми сұраухат жолдаған болатынбыз.

– Бұл шағын архитектуралық нысандардың сақталуын қамтамасыз ету, ретке келтіру жұмыстарын жүргізу басқарма құзыретіне енбейді, – деп жауап берді басқарма өкілдері.

Ал қала әкімдігі әлі күнге дейін үнсіз қалуда.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ