Қаладағы сауда орталықтарының бірінде екі-үш қыздың бір адамға әлімжеттік жасап жатқаны туралы бейнежазба тарады. Бұған қатысты тәртіп сақшылары ресми жауап берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қала тұрғындары оларды кәмелетке толмағандар деді. Бейресми мәліметтер оқиға «ADK» сауда орталығының әжетханасында болғанын алға тартты. Былапыт сөздері бар бейнежазбаға зер салсақ, бір қыздың екіншісін аямай ұрып, жұдырықты кеудесі мен бетіне сілтеп жатқанын көруге болады. Ол аздай сырт киімін деп шешіп тастайды. Тағы бір бейнежазбада беті ісіп кеткенін көріп, «Бұрын түрің онша емес еді, қазір әдемі болып қалдың» деп кекете сөйлейтіндері бар.
ШҚО Полиция департаменті өкілдерінің ұсынған мәліметіне сәйкес, аталған жағдай наурыз айының 1-2 аралығында болған.
– Бұл факті ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы, 2-бөлігіне сәйкес Өскемен қалалық полиция басқармасының Ертіс полиция бөлімшесінде тіркелген. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу мүддесіне сәйкес ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етуге жатпайды, – делінген мәліметте.
Яғни, бұл бап 5000 АЕК көлемінде айыппұл төлеуді қарастырады. Одан бөлек, 1200 сағатқа қоғамдық жұмысқа тарту, бес жыл бостандығын шектеу немесе үш жыл бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
Қалалық білім бөліміндегілер оқиғаны растады. Олар ұсынған ақпаратқа сүйенсек, әжетханада ұрып-соғуды ұйымдастырғандардың кім екендіктері анықталды.
– Қазір кәмелеттік жасқа толмағандармен психолог мамандар жұмыс істеп жатыр, – деді олар.
Блогер Кристина Даутова Полиция департаменті ұсынған қысқа мәліметтің жеткіліксіз екенін айтты. Оның ойынша, егер әлімжеттік көрсеткендерге лайықты жазасын бермесе, ертеңдері мұндай төбелестер үйреншікті нәрсеге айналады. Ал заңгер Алексей Божков соққыға жығылған қыздың түр-әлпетін жариялағаны үшін бұзақылыққа барған бұрымдалардың сотқа шақырылуы мүмкін екенін жеткізді.
– Істі бұлай жауып қоймайтын шығар. Барлығын жазаға тарту керек. Ата-аналарына да шара қолдану қажет, – деді желі қолданушысы Татьяна Степанова.