Бұл туралы қала әкімдігіндегілердің құлағына жетті ме, жетпеді ме, беймәлім. Дегенмен нақты жауап өздерінен берілсін деген мақсатпен ресми хат жолдадық. Кешіктірген жауап көңіл қуантпады. Аула мәселесі көтеріле бастаса-ақ тұрғындар бірауыздан барды бар, жоқты жоқ деуден тайынбай ПИК-тегілердің жұмысын да сынға алды. Айтуларынша, төлемақыға келгенде таңсәріден есік қағып тұрады, ал тазалық, абаттандыру жағына мүлде шабан, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жабырқатқан жауап
Сонымен Сәтпаев даңғылы, 15 мекенжайы. Естеріңізде болса, өткен жылы тамыздың бел ортасында Сәтпаев даңғылы, 13 мекенжайындағы көпқабатты үйдің ауласы бойынша тақырып қозғаған едік. Ол кезде Жақсылық Омар бастаған қала әкімдігі жеделдетіп қаулап өскен арамшөпті шауып, аз-кем тазалық жұмыстарын жүргізген-тұғын. Бұл жолы қалай болар екен? Шаһар басшылығы әр күннің еншісінен әлдебір қамырық мұң байқататын күздің қолайсыз тұстарын басшылыққа алып, кежегесі кейін тарта ма, әлде тәуекел етіп бастап кете ме? Ең бірінші мәселе, көгалға, яғни рұқсат етілмеген жерге көліктерін қаңтарғандардың бассыздығы. Дегенмен бір ай дегенде зорға жауап жазған ресми хатта бұл жөнінде «ләм-мим» делінбеді. Тіпті газет тілшісі дүркін-дүркін қоңырау соғып, жауап алуда жан-жақты бөлімдерге тегіс қоңырау шалғанның өзінде бас-аяғы бірнеше сөйлем жиынтығын ғана ұсынды. Қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Абзал Мәулетхановтың айтуынша, аталған даңғылдағы 15, 15/2 мекенжайы аулаларында кешенді абаттандыру жұмыстарын жүргізу мүмкіндігін қарау үшін іріктеу критерийіне сәйкес қала әкімдігінің «Аумақтық басқару орталығы» аумақтық филиалына өтінім жасау қажет.
«Жаңбыр суынан жер ойылып бітті»
Қыркүйек айының 6-сы күні жіберілген сұраухатқа қазан айының 7-сі күні осындай мәлімет ұсынудан қала басшылығы тұрғындар өтінішін тыңдауға құлықсыз деген ой келді.
– 2017 жылы сиырқұйымшақтандырып асфальт төседі, – дейді аула тұрғыны Берікхан Алпысбаев (аты-жөні өзгертілген). Басы-қасында жүрген ісінен гөрі, сөзі көп жігіт екен. «Аға, осы жердегі ықпалды адам сіз сияқтысыз? Еш уайымдаңыз, барлығын қатырамыз» деп мерзімінен бұрын жұмыс аяқтап жібергендей болды. Төсеуін төседі ғой, бірақ өте сапасыз. Сілбілеп жаңбыр жауса-ақ мына жер көл болады. Биыл тағы да келді. «Айналайындар-ау, деңгей (уровень) бар ғой, соны неге пайдаланбайсыңдар?» десем, еш сөзге келмеді. Жаңбыр суынан кейбір жер мүлде ойылып бітті.
Жұмысқа қатысты қандай кілтипан болса да бір ұшы қазіргі індетпен байланысты. Дегенмен қарбалас тірлік тоқтаусыз жалғасып жатқанымен балалар мен оқушылардың күнделікті өмірі мүлде сөз етілмейтіні рас. Айталық, ауылды жерлердегі бүлдіршіндер дала кезіп, ойын қуса да тар жерде тарығып отырмас. Қалада көпшілікке мәлім, әр баланың тек өз ауласында ойнаулары қауіпсіз әрі күнделікті қайталанатын жайт. Ал Сәтпаев даңғылы, 15 мекенжайында тіпті еркін тыныстап, алаңсыз асыр салатын жер жоқ. Тамыз айында нөсер жауын болып, қатты жел соққанда кәрі ағаштардың бірі балалар ойын алаңына құлаған екен. Төрт құбылаға қабырғасын сүйгізген бетон қоршауды сындырып, маңынан өткен балаларға біршама қауіп туғызып отыр. «Бір Құдай сақтап, ешбірі зардап шекпеді» десті ата-аналар.
«Қақаған қыста құбыр жарылмасын»
Айналасы таяқ тастам жерді қамтитын ойын алаңын шаң мен құмнан тазартып, жан-жақты ыңғайлы әрі қауіпсіз етіп салдыру тұрғындардың орындалмас арманына айналып отыр. Айтуларынша, карантин көпшілікке тұсау салғанда балабақша мен мектепке барып жүрген бүлдіршіндер біркісідей тәртіпке бағынып, төрт қабырғаға телміріп отырды. Ал шектеу шараларының екпіні еңкейген бетте далаға шықса, ол жақта да тозаң менен тозған ойын алаңы еш қуантпады.
– ПИК -тегілерге қаншама рет айттық, еш нәтиже шығармады. Подъезімізде жарық жоқ. Бастысы, ай сайынғы төлемақы хақысында шашау шығармай келеміз, ал қарсы тарап соған сәйкес жұмыс істемейді. Әр пәтерге су жіберетін құбырдың да тозығы жеткен. Қақаған қыста жарылыс болса, зардабы бүкіл тұрғындарға тиеді. Сантехник сынды мамандар көмегі қажет болса, барлығы ақылы. Сонда не үшін ақша төлеп отырмыз? – десті тұрғындар.
Бөлім басшылығы не дейді?
Олардың айтуынша, ПИК басшылығы қызметтің осындай түрлерін мақсатты түрде ақылы етіп қойған. Неліктен екені белгісіз. Аталған мекенжайдағы көпқабатты үйде 147 пәтер бар. Содан түскен қомақты қаражат осындай мәселелер шешімінің табылуына жұмсалмаса дабыл қағатын жөні бар көпшіліктің. Себебін қала әкімдігінен сұрадық. Әр ненің басын бір шалып, мардымды ештеңе айтпды. Бөлім басшысының алға тартқаны, аула аумақтары қандай критерийлермен іріктеледі және оның талабы қандай?
– Бұл үшін: 1) пәтер иелерінің жалпы жиналысы хаттамасымен тіркелген, абаттандыру кезінде қажетті жұмыс түрлері көрсетілген тұрғындар келісімінің болуы, 2) Кондоминиум объектісіне аула аумағын өтеусіз жалға алу шартының болуы, 3) кондоминиум аумағында аулаға қарай шығатын, жұмыс істеп тұрған бейнебақылаудың болуы, 4) бірыңғай аула кеңістігін қалыптастыратын кооператив объектісінде орналасқан пәтерлер саны көрсетілуі тиіс, – делінен мәліметте.
Бөлім берген жауаптан іліп аларлық осы ғана. Ал ойын алаңының шетіне заңсыз қойылған көліктерге қатысты келісті шешім айту, құлаған ағашқа байланысты орындалатын жұмыстар туралы жақ ашылмады. Жалпы тілші жіберген сұрақтармен бұл жауаптың еш байланысы жоқ. Сол себепті Сәтпаев көшесі 15 және 15/2 мекенжайына қатысты әкімдік, я болмаса тиісті бөлімдерден нақты мәлімет ұсынылмауы жұмысқа және сұраухатқа атүсті қарауларының бір көрінісі. Қалай десек те ауланың ойыс жолы, көгалды таптап тұрған көліктер, балалардың ойнауына мүлде қолайсыз алаңқай, бұтақтары қураған кәрі ағаштар мен ПИК-тің пәрменсіздігі әлі де сол күйінде қалып отыр.
– Бұл жер автотұрақ емес қой. Тым құрығанда көлік қаңтаратын жерді жекелей қоршап, аулаға заманауи төсеніш орнатып, экологияға мән берілсе дейміз, – дейді Нұргүл Аманова (аты-жөні өзгертілген). Ойын қызығына түскен бүлдіршіндер жазды күнгі шаң-тозаңды үйді-үйлеріне апарған бетте кетеуі кеткен ауланың мәселесі қайта ойға оралады. Өскемендегі ең нашар аула осы мекенжайдыкі. Абаттандыру туралы жобаға енгіземіз деп еді, әлі үнсіз.
***
Теннис үстелінде қаз-қатар тізіліп отырған балақайлардың ауызбіршілігі қуантты. Әлденені айтып, біркісідей күлісіп жатты. Бәлкім, ойнайтын жердің жоқтығынан біртіндеп әңгіме-дүкен құруды жөн көрген болар. Бай-қуаттылар тұратын көрші аулаға барса жақтыртпай қуып шығатын көрінеді. Амал нешік, қала басшылығы ауланың алдағы болар көрінісі жайлы жақ ашпады. Дегенмен газет редакциясы алдағы уақытта қамтылмаған сауалдарды толықтырып, тағы бір мақала әзірлемек…
Әділхан ЕСІМХАНОВ