Өскемендегі «Нұрлы жол» шағын ауданында 48 көпқабатты тұрғын үй салынады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл жайлы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов өзінің Facebook парақшасында жазды.
– Өскемендегі жаңа «Нұрлы Жол» шағын ауданындағы тұрғын үй құрылысының барысымен танысып қайттым. Жұмыс қарқынды жүруде. Мұнда жалпы ауданы 400 мың шаршы метрді құрайтын 48 көпқабатты тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз. Бұл деген жаңа 4665 пәтер, - деді аймақ басшысы.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта 994 пәтерлі төрт 12 қабатты және бес 16 қабатты үйлер салынуда. Жақын арада мердігерлер 9 қабатты он үш үйдің құрылысына кіріспек.
– Жалпы облыс бойынша баспана мәселесін шешу үшін алдағы 2 жылда тұрғын үй құрылысының көлемі 2 есеге арттырылады. 730 мың шаршы метр ауданға жобалық-сметалық құжаттама дайындалған. Тек осы жылы өңір бойынша 480 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр, - деді Даниал Ахметов.