Кейбір қызметтер бағасы жанар-жағармай бағасының қымбаттауына байланысты өзгертілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының әкімшілігі осы жылы бекітілген Сол жағалау кешенінің жаңа бағаларын айтты.
Енді музейге кіру үшін ересектер 800 теңге (бұған дейін 700 тг), студенттер үшін – 400 теңге төлеуі тиіс. Ал 15 жасқа дейінгі балалар тегін кіре алады.
Ересектер атшанаға отырамын десе 500, зейнеткерлер мен үш жастан асқан балаларға – 300 теңге болмақ. Үш жасқа дейінгі бүлдіршіндерге тегін.
Паровозда отырып серуендеу ақысы баратын бағытқа байланысты: ересектер үшін кішкентай шеңбер – 400 теңге (бұған дейін 300 тг), үлкен шеңбер – 500 теңге. Балалар билеті – 100 теңге, сонымен қатар 3 жасқа дейінгі балалар тегін жүре алады.
Қайық пен катамаран жалға алу үшін адам басына жарты сағаттық қыдыру ақысын, яғни 500 теңге төлеу қажет.
Зообақ аралау мамырдан қазан айына дейін ересектер үшін 300 теңгеге шықса, студенттер мен зейнеткерлер үшін – 200 теңге, 6 жасқа дейінгі балаларға тегін.
Төлем кезінде түсініспеушіліктерге жол бермес үшін музей-қорығының басшылығы келушілерге өздерімен жеке куәлік, балалардың туу туралы куәлігі, сондай-ақ студент яки зейнеткер екендігін растайтын кітапшаны алып жүруге кеңес береді.
Айта кетейік, егер қалалықтар жай ғана саябақ ішімен серуендеп қайтып, ақылы аумақтарға кірмеймін деп шешсе, онда Сол жағалау кешеніне кіру бұрынғыдай тегін.