Өскемен қаласындағы сәуір айына арналған студенттік жол жүру билеті қазақ тіліндегі әріп қателерінің көп кездесуімен көзге түсті. Нақты айтсақ, бірнеше сөйлемнің өзінде-ақ 9 қате жіберілген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Сәуір айына арналған студенттік жол жүру билетінде: бағытардағы – бағытТардағы, жүжуге – жүРуге, ламинаталған – ламинатТалған, белгісің – белгісіН, бақыланыз – бақылаҢыз, ашиқ – ашЫқ, болу тиіс – болуЫ тиіс, етілмеіді – етілмеЙді, берілмеіді – берілмеЙді деген қателер жіберілген. Ал Өскемен қаласындағы Жолаушыларды тасымалдау орталығының директоры Владимир Панковтың сөзіне сүйенсек, бұл қателердің себебі жазбаны дайындаушыда емес, типографиялық ақаудың салдарынан болған.
– Студенттік жол жүру билетін даярлау барысында тиісті жабдықтардың дұрыс жазбауының кесірінен осындай қателер кездесті. Бұл қызметкерлердің олқылығы емес. Алдағы уақытта кемшіліктерді түзетеміз, – дейді ол.
Десе де мамыр айында шыққан билеттерде бұл қателер түгелдей жөнделген жоқ. Жіберілген 9 қатенің 7-еуі ғана өзгертіліпті.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ