Өскемендегі Уәлиев көшесінің тұрғындары сапасыз салынған тұрғын үй машақатын тартып келеді

853
көрілім

Баспана іздеп, тұрақтайтын мекен таба алмай сергелдеңге түсіп жүрген жерлестеріміз қаншама. Соншама жыл сабылып, ақыр соңында пәтер таптым деп жүздерін қуаныш кернеген сәт араға бірнеше жыл салып су сепкендей басылған. Газет редакциясына хабарласқан облыс орталығының Жібек маталар комбинаты аумағындағы Уәлиев көшесі 9/3 мекен жайының тұрғындары бірнеше жылдан бері тесілген шатырдан пәтер төбесінен сорғалап су ағып, үйдің жоғарғы жақтауының кірпіштері опырыла бастағанынан үрейленіп отырғандықтарын айтқан болатын. Бұл рретте қала әкімдігіне сұраухат жіберіп, мәселені біліп көрген едік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Кінәнің бәрі басшылардан!..»

Шыны керек, өзекті мәселе жөнінде қала басшылығының ойын біліп, мән-жайдың анық-қанығына көз жеткізейік деп осыдан бір ай бұрын нақтырақ айтсақ, ақпан айының 17-сі күні сұраухат жіберген болатынбыз. Алайда бұған дейін де БАҚ заңына бағынбай жүрген жауапты тұлғалар асықпай, бас-аяғы алты сұраққа сағызша созып барып жауап қатты… Олардың пікірлерін мақала барысында кірістіретін боламыз.

Хош. Тұрғын үй сапасына көңілдері әбден шайлыққан өскемендіктер не дейді? Діттеген жерге жете бере тұрғындардың балалар ойын алаңының бір бұрышына «Қыс бойы қар тазаланбады», «Подъезд сыпырушысы жоқ», «Айтқанының бәрі өтірік» деп жазылған плакат іліп жатқанын байқадық. Бұл жерде бір емес, бірнеше өзекті мәселенің бары белгілі болды. Өзін осы үйдің тұрғынымын деп таныстырған Елдар Есенұлы есімді азамат (аты-жөні өзгертілген) іргедегі ашық жатқан люктерді көрсетті. Қысы-жазы беті жабылмайтын люктердің екеуін әйтеуір жауыпты біреулер. Тағы төртеуі сол күйі ашық-шашық жатыр. Оның өзінде, халық жиналып, соңы дауға ұласады деп секемденсе керек, ақпан айының 13-і күні жанталасып түнде жапқан екен. Алаңдаған ата-аналардың ойын баласы түсіп кете ме дегенде зәрелері жоқ. Белгілі болғандай, люктер бес жыл бойы ашық жатқан көрінеді. Тұрғын үйдің бір жағы отырып барады. Соның салдарынан подъезді ұдайы су алып, үйдің іргетасының араларында жарық пайда болған. Мұны жертөлеге түсіп, үйіліп жатқан құрылыс қалдықтарын көргенде байқадық. Тазалық болмаған соң бұл жерді егеуқұйрықтар мекен етіп алған сыңайлы – емін-еркін жүгіріп жүр.

– Жағдайымызды айтып құрылыс бөліміне неше мәрте арыз-шағым жолдадық, алайда ондағылар күні бүгінге дейін құрғақ уәдемен құтылып келеді. Нақтырақ айтқанда, 2018 жылдың 15 шілдесіне дейін тиісті жөндеу жұмыстарын жүргіземіз деген. Ең қауіптісі сол, төртінші подъездің іргетасы төмен түсіп кеткен. Қазір есігі ашылмайды, жерге тіреліп қалды. Соның салдарынан қар мен жаңбыр жауса, судың бәрі сел болып төменгі қабаттағы пәтерлерге кіреді. Үйдің сапасы жайлы айта-айта жағымыз талды. Кінәнің бәрі басшылардан! – дейді Айбол Аманов (аты-жөні өзгертілген).

Ашық қалған люктер

Қала әкімінің орынбасары не дейді?

Пәтерлерге су кірген соң күзде бір мекеме келіп ауланы орып қазыпты. Екі ай бойы не асфальт төселмей, не соңына дейін қазылмай қара суық түскенде қолға алынған жұмыс тоқтап қалған. Сорақысы сол, неше жылдан бері дұрыс жабылмаған шатырлардан төртінші, бесінші қабаттағы пәтерлердің төбесінен су сорғалап, іші сыз тартып тұрады. Бесінші қабатта тұратын Гүлнар Шәмшиеваның айтуынша, төбеден су ағып, ПИК-ке хабарласқан кезде: «Шылапшын қоя салыңыз» депті жайбарақат.

Қала әкімі орынбасарының пікірі қандай?

– Жобалардың мемлекеттік сараптамасының оң қорытындысын алған жобалау-сметалық құжаттама негізінде тұрғын үй құрылысы жүргізілді, – дейді Тамара Рахимжанова. – Осы объектіні салу және пайдалануға қабылдау барысында техникалық және авторлық қадағалау тарапынан ескертулер болған жоқ. Құрылыс-монтаж жұмыстарына арналған шарт бойынша орындалған құрылыс жұмыстарының сапасына кепілдік мерзімі 3 жылды құрайды.

«Стройэлитрегионның» салғырттығы

Осылай деген ол құрылыс-монтаж жұмыстарын бас мердігер «Стройэлитрегион» ЖШС жүргізіп, кепілдік мерзім ішінде тұрғындардың өтініштерінде көрсетілген кемшіліктерді жойғанын жеткізді. Сонда нысанның кемшін тұстары жойылған болса, тұрғындар наразылығы неге тыйылмайды? Гәп қайда жатыр? Айналып келгенде «Стройэлитрегион» мердігер компанияның салғырттығынан деуге тура келіп тұр. Неліктен? Қара жерден көкке қарай өрлеп, рет-ретімен саралайтын болсақ, аталған тұрғын үйдің жағдайына қатысты қандай да бір шаралар қолданылмаса айналасы 3-4 жыл ішінде нысанның опырылып құлау қаупі жоғары. Жоғарыда жертөледегі іргетастың аралықтарында жарық бар дедік. Тұрғындардың сөзінше, жарық уақыт өткен сайын арасы ырсиып ашылып келеді. Іргетастың іргесі сөгілсе, басқа да кемшін тұстар оңалады деу болашақты болжағанмен тең болар. Ол аздай, жаңбыр мен еріген қар салдарынан подъезге кірген су жертөледе бір-екі метрдей тереңдікке дейін жиналып, тиісті мекеме жұмысшылары насоспен сорып барып зорға дегенде жағдайды бақылауға алуда. «Негізгісі нысан мерзімінде тапсырылды» деп жертөлеге шашып кеткен құрылыс материалдарының қалдықтарын жинастыруға мұршасы келмеген мердігерлер бей-берекет істерімен соңында пәтер алған қаншама тұрғынның обалына қалғандарын біле ме екен? Бір жағынан жертөлеге көп мөлшерде жиналған ылғалды ауаға жаз айларында шыбын-шіркей үймелеп, жұрттын берекесін алатын көрінеді.

– Құрылыс салғанда алдымен сапаға көңіл аударғандары дұрыс қой. Түптеп келгенде бұл басшылардың өздеріне шығын, бір салған үйді жөндейміз немесе кем-кетігін ретке келтіреміз деп қыруар қаржын желге шашады кеп. Қазір тұрғын үйлерді жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай салып жатыр, салып жатыр. Сондай құрылыс сапасы талапқа сай ма, жоқ па, шынымды айтсам күмәнім бар, – дейді Ербол Есенұлы.

Апатты аймаққа айналған

Подъездерге кірдік. Пәтер қабырғасының қалыңдығы 10-15 см мөлшеріндей ғана. Көршілер қабырғаның ар жағынан тұрып-ақ сөйлесетіндей. ПИК басшылығының бұл жаққа мүлде ат ізін салмағаны, тіпті әр қабатқа тазарту жұмыстарын да жүргізбегені бірден байқалады. Электрщиттің қақпағы ашық-шашық, абайламаса біреу-міреуді жазым ететіндей. Қабырға жапсарлары қопарылып, еденге линолеум де төселмепті. Қысқасы, күн сайын шаң-тозаң жұтып жүрген жұртшылық бір тарының қауызына сыйып отыр. Пәрмені жоғары басшылыққа қаншама арыз-шағым түсіргендерімен іске келгенде ешбірінде дәрмен жоқ. Жағдаймен біртіндеп таныса келе фотоаппаратты қолға алып бесінші қабатқа да көтерілдік. Белгілі болғандай, алдымен асығыс төселген шатырлар әр жерден тесіліп, жаңбыр суы бесінші қабаттың төбесінен сорғалаған. Алдымен төбеге жабылған полиэтилен пакеттері көздей жерден енген жел салдарынан жыртылып, су өткізбес қауқарынан айырылған. Содан барып ылғалдың бәрі төбеге сіңіп, бесінші қабаттан төмен аққан. Гүлнар Шәмшиеваның сөзіне сүйенсек, сорғалап аққан су төбедегі шамдардың сымы арқылы еденге тамшылайды. Бұл жөнінде мамандар пікірін жоғарыда мысалға келтірген едік, «еденге шылапшын қойыңыз» деген де қойған. Ал оның көршісі Нұрлан Аман (аты-жөні өзгертілген) амалын тауып, ашық-шашық жатқан жерлерге ескі-құсқы баннерлер төсеп, ілдебайлапты. Айтуынша, қазір бұл жер баспана емес, апатты аймаққа айналған.

Істің сотқа дейін баратынын айтты

Уәлиев 9/3 мекенжайы алдына жиналғандардың қарасы да көбейе түсті. Пәтер азабынан дығыры пен ығыры шыққан жұрт тұрғын үйдің маңдайшасын көрсетті. Жаңбыр мен қар суынан маңдайшадағы қызыл кірпіштер жыл өткен сайын опырылуда. Айтуларынша, жауапты тұлғалар тұрғындарға пәтер кілтін табыстарда бір де бір комиссия мүшесі келмеген. Осыдан-ақ тұрғын үйдің құжатында өрескел олқылықтың бар болғанына күмәніміз қалмады. Кейін қала әкімінің орынбасары Тамара Рахимжанованың сөзі бұл ойымызды нақтылай түсті. Қызығы сол, жұрт аула алдына асфальт төселмей, қар ери бастағанда балалар 500 метр жердегі мектепке зорға жететіндіктерін айтып, көрген машақаттарын тізбелеп жатқанда өзін қалалық әкімдіктің №1 филиалының басшысы Амантай Бақытұлымын «деп таныстырған» жауапты тұлға «тиісті мекемелерге барып жүгінбедіңіздер ме?» деп жөн сілтемек болды. Құрғақ сөзге әбден тойған тұрғындар ғайыптан пайда болған жанды суыртпақтап сөзге тартып көрген еді әу баста айтылған люктерді осы адам жаптырған болып шықты. Арада сүтпісірім уақыт өткен соң ПИК басшысы Ринат Нысанов та келіп жетті. Оның сөзіне сенсек, подъездерде бірнеше жыл бойы тазалық сақталмауына тұрғындардың өздері кінәлі. «Неліктен?» деген сауалға «Коммуналды төлемдер уақтылы төленбеген» деп жауап қатты. Десе де жұмысына о баста атүсті қараған жауапты тұлғаның әр сөзін қалт жібермей тыңдап тұрған өскемендіктер істің сотқа дейін баратынын айтты. Осы уақытқа дейін подъезд тазалығы сақталмау себебін бір-бірлерінен іздеген қос тарап (тұрғындар мен ПИК жетекшісі) ат құйрығын кесісуге әзір. Қала әкімінің орынбасары ақыр соңында Ринат Нысановтың жұмысынан ағаттық тауып, салғырт жұмысы үшін сөгіс жариялады. Анығы сол, ПИК жұмысына көңілі толмайтын тұрғындар кеңесіп, өздері жөн деп санайтын басқа біреуді тағайындауға құқылы.

Үйдің іргетасында пайда болған жарық іздері

– Тұрғындар пәтерлердегі кемшін тұстарды ретке келтіру үшін сотқа жүгіне алады. Бұдан бөлек айтарымыз, «Өскемен қаласының құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесі 2020 жылғы қаладағы Қ.Сәтпаев даңғылында жалпы алаңы – 74341,12 шаршы метр болатын 994 пәтерлік 12 қабатты 4 және 16 қабаттық 5 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отырғанын жеткізді. Құрылыстың бас мердігері «VK Invest engineering» ЖШС, – деді Тамара Рахимжанова.

Әділхан ЕСІМХАНОВ