Биылғы жылдың жазында тұрғындар Өскемен қаласындағы Новаторов және Питер коммунарлары көшелеріндегі жағымсыз майдың иісінен құтылатын болады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі Yk-news.kz сайтына сілтеме жасай отырып.
Мұрынды жарған майдың жағымсыз иісі облыс орталығында бірнеше көшелердің тұрғындарына маза бермей келе жатқандығы рас. «Май» АҚ осы жайтты өзгертеміз деп талай мәрте уәде бергендігі де баршаға мәлім. Десе де, әр түрлі себептерге байланысты көптен күткен нәтиже осыған дейін орындалған жоқ. Осы ретте, аталмыш кәсіпорынның мамандары жағымсыз иісті құртатын құрылғының қойылуына көп уақыт қалмағанын айтуда.
– Құрылғының біршама бөліктері Үндістаннан сатып алынды. Бүгін де жабдықтар бізге қарай жеткізілуде. Мен қазір, сол бөлшектердің дәл қай уақытта бізге жететінін айта алмаймын. Бірақ жаз мезгілінде жағымсыз иіс толықтай залалсыздандырылады, – дейді «Май» АҚ-ның бас инженері Сергей Молчанов.
Айта кету керек, осыған дейін келіп түскен ақпараттарға сүйенсек, майдың жағымсыз иісін жоятын құрылғының бағасы 750 мың еуроға дейін жетеді.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ