Өскемендегі "Жастар" саябағының орталық алаңында "Қымызмұрындық" өткізіледі

459
көрілім
Фотосурет - Comode.kz сайтынан

Мамыр айының 16-ы күні облыс орталығы "Жастар" саябағының орталық алаңында қазақтың көне дәстүрі "Қымызмұрындық" өткізілмек. Бұл күні қала тұрғындары мен қонақтары қазақ халқының дәстүрлі әндерін тыңдап, қымыздан дәм татып, ұнағанын сатып алуларына мүмкіндік болмақ, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

- Мерекелік шара мамыр айының 16 күні сағат 16.00-де "Жастар" саябағында өтеді, - дейді Солжағалау мұражай-қорығының аға ғылыми қызметкері Гүлнар Бекбердинова, - Өңіріміздің түкпір-түкпірінен қымыз өндірушілер жиналмаса да, қала төңірегінде осы кәсіппен айналысатын азаматтардың басын бір жерге қоспақпыз. Бұл шара осымен екінші рет өткізіліп отыр. Әрі қарай да жыл сайын дәстүрлі түрде жалғаса беретін болады. Сағат 16.00-де басталатын шара жалғасын тауып "Мұражайдағы түнге" сабақтасады. Негізінен Ұлан ауданына қарасты Сағыр ауылының қымызшылары өз өнімдерін ұсынатын болады. Сонымен қатар, шара барысында әртүрлі ұлттық ойындар ұйымдастырылып, қазақ халқының салт-дәстүрлері көпшілікке паш етіледі.

Мұражай-қорық қызметкерінің айтуынша, төрт түлікті жайлауға шығарып, бие байлап, алғашқы қымыз ішу рәсіміне арналған шараға келем деушілерге есік ашық көрінеді. Бұл күні көрермендер қазақ халқының бие байлап, саба пісіп, ауыл ақсақалдары мен көршілерді шақыратын "Қымызмұрындық" сияқты көне дәстүрмен танысады. Жиналған жұртшылық бұл күні көңіліне ұнаған, дәмі ерекше қымызға тапсырыс беруге мүмкіндік алмақ.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ