Өскемендегі жәрмеңкеге Көкпектінің шаруа қожалықтары 11 тонна ет әкелді

697
көрілім

Облыс орталығындағы «Fresh market» сауда орыны алдында Көкпекті ауданының шаруа қожалықтары ауыл шаруашылық жәрмеңкесін өткізіп, өнімдерін базардағыдан арзан бағада ұсынды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Облыс әкімі Даниал Ахметовтың сынынан кейін Өскемендегі аудандардың шаруа қожалықтары өткізетін жәрмеңкелер ретке келе бастаған секілді. Мұны бүгінгі жәрмеңкеге көптеп жиналған өскемендіктердің қызу саудасынан байқауға болады.

Облыс орталығының тұрғындарына бұл жолы Көкпекті ауданының 17 ауылдық округінен 23 шаруа қожалық пен ЖШС өнімдерін ұсынды. Атап айтқанда, «Қалиқанұлы» ш/қ сүт өнімдерін әкелсе, «Серік» ш/қ балық түрлерін саудалап, «Фацелия» ш/қ «көкпектілік балды» сауда сөресіне қойды.

Сондай-ақ, аудан әкімдігінің есебіне сәйкес, Көкпекті өңірінен 3 тоннадан астам балық пен картоп, 170 келі сары май, 17 мың жұмыртқа, 300 келіден аса талқан, құрт, ірімшік әкелінген. Жәрмеңкеде сатылған 11 тонна еттің – 8-і ірі қараның еті. Бүгінгі жәрмеңкеде ірі қараның еті келісіне 1300 теңгеден сатылып кетті.

– 11 тонна ет әкеліп, Көкпекті ауданының шаруа қожалықтары арзан бағаға ұсынып жатыр. 1 тонна жылқы мен 2 тонна қой еті де жылдам өтіп кетті. Балық, сүт өнімдері де осында. Бүгінгі сауда қызу жүріп жатыр, – дейді аудан әкімінің орынбасары Марат Теміржанов.

Мейрамбек Қосажан