Өскемендегі ЖМК ықшамауданындағы мешіт құрылысы биыл басталады

2356
көрілім
Шартты фотосурет

Алып крандар бір орнында айналсоқтап құрылыс материалдарын жоғарыға қарай әперіп жатыр. Бұл да бір кезекті тұрғын үйдің құрылысы. Әлдекімдер үшін қуаныш, біреулер «болашақ баспанам осы болар, иншалла» деп іштей үміт отын маздатар. Жібек маталар комбинаты (ЖМК) ықшамауданында қарбалас тірлік бір сәтке де бәсеңсімеген. Осы жаққа атбасын тіреп, тұрақтап жатқан тұрғындар қаншама?! Бұл ретте кейбірі «Жаратқанға тәу етіп, ниет етер мешіт құрылысы бастала ма?» деп сауалдарын қойған-тұғын. Орынды ұсыныс хақында қала әкімдігінің ойын біліп көрген едік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Күрт көбейген

Тұрғындар тілегі әлдеқашан қабыл болған сыңайлы. Құрылыс былтыр басталған. Бұл қала басшылығының облыстық мешітке сілтеме жасап, ұсынған ақпараты. Дегенмен облыстық мешіт тарапынан басқаша мәлімет берілді… Бұл туралы мақала барысында жазыла жатар.

Жалпы алғанда ЖМК ықшамауданы тұрғындары Өскемен халқының 3/1 бөлігін құрайды. Қала әкімінің орынбасары Елдар Төлеубековтың сөзінше, аталған ықшамаудандағы тұрғындар саны 80 мыңнан асып жығылады. Әлбетте, аймақ халқының ауаны шаһардың жаңа ауданына ауатыны көңіл қуантады. Қала басшылығы ұсынған мәліметті қарапайым түрде қабылдар болсақ, ЖМК-лықтар саны тұтас Үржар ауданы жұртшылығы, я болмаса екі Зайсан ауданының халқымен тең. Орталық алаңда өткен-кеткендерге бағдар болып, алып тұлғасы алыстан менмұндалайтын хакім Абайдың ескерткіші тұрса, дөң-төбе, қыраттарға көтеріле бере көз тартатын қасиетті орын – Халифа Алтай мешіті. Мұнда құлшылық етіп, сәждеге жығылуға асыққан 3000 адам еркін сыяды. Алайда қазіргі қысылтаяң кезеңде мұндай мүмкіндіктің алды бөгеулі. Көпшілікке беймәлім болса, облыс орталығында Халифа Алтай мешітінен бөлек, тағы төрт мешіт бар екендігін айта кеткен ләзім. Толығырақ кестеде:

Мешіт атауы

Мекенжайы

1

Шығыс Қазақстан облыстық Халифа Алтай мешіті

Сәтпаев даңғылы, 90

2

Өскемен қаласының орталық мешіті

Қазақстан көшесі, 61

3

Мұхамади мешіті

Пермитин көшесі, 27/1

4

Защита мешіті

Вострецов көшесі, 10

5

Күнт Хаджы мешіті

Загородная көшесі, 177/2

«Қиылыстағы құрылыс»

Аталған діни орындардың сыйымдылығы жайында мәлімет ұсынбады қалалық әкімдік. Құзырларына жатпайтын көрінеді. Алайда ЖМК ықшамауданындағы мешіт құрылысы жайлы төмендегідей ақпар ұсынды:

– Облыстық Халифа Алтай мешітінің ақпаратына сәйкес аталған ықшамауданда өткен жылдан бастап Әл-Фараби даңғылы мен Уәлиев көшесінің қиылысы төңірегінде сыйымдылығы 500 орындық мешіт кешенінің құрылысы жүргізілуде, – деді Елдар Төлеубекұлы.

Осы ретте бес мешіттің қазіргі жағдайы, жүргізілген жөндеу жұмыстары жайлы облыстық Халифа Алтай мешітіне қоңырау шалдық. Аталған мешіттің іс басқарушысы Берік Қадырұлының айтуынша, 2019 жылы Өскемен қалалық мешіті толық күрделі жөндеуден өтіп, абаттандырылды. Мұхамади мешітінде ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілсе, 2020 жылы Халифа Алтай мешітінде де осындай қауырт тірлік қолға алынып, канализациясы тазаланумен қатар жаңа кілемдер төселген.

– Абаттандыру жұмысы биыл да жалғасын таппақ. Әлі күнге дейін кем-кетіктері бар, соларды біржақты етпекпіз. 2018 жылы Защита мешітінде күрделі жөндеу өтсе, Күнт Хаджы мешітінде әрлеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы айтқанда бұл діни орын әу бастағы әдемі қалпын әлі жоғалта қоймаған, – деді Берік Қадырұлы.

Биыл басталмақ

Тағы бір айта кетерлігі, карантин талаптарына сәйкес намазға жығылуға келген әр адамға төрт шаршы метр жер бөлінген. Келушілер шахмат тақтайшасы тәртібімен тұрулары тиіс. Мешітке келетін адам санын діни ғимараттың жалпы пайдалы ауданының 30 пайызынан артық толтырылмай, ас бергенде адам саны 50-ден аспауы керек. Мешіттердің жағдайы ұдайы бақылауда тұрған көрінеді. Облыстағы Бас санитар дәрігер мен түрлі құзыретті органдар тізе қосып, тиісті жұмыстар уақтылы жүргізілуде. Соның ішінде әр діни орын аптасына үш рет арнайы компанияны жалдау негізінде залалсыздандырылып тұрады. Берік Қадырұлының сөзінше, ЖМК ықшамауданындағы мешіт құрылысы сәтін салса, биыл жазда басталады. Ұсынылған екі жауапты таразылай келе 500 орындық мешіт құрылысы жөнінде облыстық мешіт іс басқарушысының айтқаны нақты ақпарат ретінде қабылданды.

Әділхан ЕСІМХАНОВ