Өскемендегі жұмыспен қамту орталығы жаңа ғимаратқа көшіріледі

308
көрілім

Кеше аймақ басшысы Даниал Ахметов Өскемендегі жұмыспен қамту орталығында болып, ғимараттың бүгінгі жағдайымен танысып, тұрғындармен тілдесті. Ғимарат дәліздерінің тарлығына көз жеткізген облыс әкімі алдағы уақытта мекеменің жаңа ғимаратқа көшірілетінін айтты. Бұл туралы ШҚО әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

- Біз ең алдымен, келушілерге қолайлы жағдай жасауды ойластыруымыз қажет. Бұл мемлекеттік мекеме болғандықтан, халыққа тиімді қызмет көрсету керек. Өйткені осы жерге күнделікті әлеуметтік көмекке зәру және арнайы күтімді қажет ететін адамдар келеді, - деді аймақ басшысы.

Даниал Ахметов бұрынғы медициналық жедел жәрдем ауруханасы ғимаратын жөндеуден өткізіп, қалалық жұмыспен қамту орталығын осы жерге көшіруді тапсырды.

– Ғимараттың орналасқан жері мен территориялық аумағының әлеуеті жеткілікті. Бір айдың көлемінде қажетті құжаттар әзірленіп, жөндеу жұмыстарына тиісті қаржы бөлу мәселесін шешетін боламыз. Яғни алдағы төрт-бес айда жөндеу жұмыстары толықтай аяқталып, заманауи, open space форматындағы жаңа ғимарат қолданысқа берілетін болады, - деді облыс әкімі уақытша бос тұрған ғимаратты аралау барысында.