Еліміз Тәуелсіздік алған 1991 жылдан бастап есептесек, Өскемен қаласында осынау 26 жылға жуық уақыттың ішінде 16 әкім ауысқан екен. Өндірісі бұрқ-сарқ қайнап жатқан, әр түрлі ұлт өкілдері аралас қарт шаһарға басшылық ету қай-қайсына болмасын оңай тимегені сөзсіз. Өткенге үңіліп, осы жолғы мақаламызда облыс орталығын басқарған әкімдердің әрбіріне жеке тоқталып, қала басшыларын ел есіне түсіруді жөн көріп отырмыз.
Носиков Николай Тимофеевич (1992-1995 ж.)
Николай Носиковтың қалаға басшы болып келу уақыты Кеңес Одағының ыдырап, ел ішін жұмыссыздық жайлаған уақытқа тұспа-тұс келді. Ертеректе басшылықта болғандықтан, ғаламторда Николай Носиков туралы ақпарат жоқтың қасы. 1995 жылға дейін қала басшылығында қызмет атқарған мемлекеттік қызметкер 1998 жылы дүние салған. Білетіндер Николай Тимофеевичтің Мәскеуде іссапарда жүргенде көз жұмғанын айтады. Марқұмның сүйегі Өскеменге әкелініп, жерленген екен.
Кудинов Юрий Анатольевич (1995 – 1997 ж.)
1995 жылы желтоқсанда Өскемен қаласының басшылық тізгінін қолына алғанда Юрий Кудинов «өзімді бағыты бойынша тура жүзіп келе жатқан, бірақ шешімін таппаған проблемалардың жүгінен бір жағына қисайған алып кеменің капитаны ретінде сезіндім» деген екен. Күйреп жатқан әлеуметтік сала мен энергия жүйесі алдындағы қарыздар, балабақшалардың, мектептер мен тұрғын үйлердің, сол кезде қала теңгерімінен шығарылып тасталған кәсіпорындардың иесіз қалуы бұл проблемалардың бір парасы ғана еді. Екі жыл ғана қала басшылығының тізгінін ұстаса да, Кудинов биліктен алыстап кеткен жоқ. 2004-2008 жылдар аралығында Өскемен қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
Лукин Александр Александрович (1997 – 1999 ж.)
Александар Лукин қала басшылығында 2 жылдай уақыт қызмет атқарды. Кейін Семей қаласына көшіп, сол жақта кәсіпкерлікпен айналысты.
Сухорукова Вера Николаевна (1999 – 2003 ж.)
Вера Сухорукова Шемонаиха ауданының тумасы. Мамандығы – инженер-экономист. Әкімдердің ішіндегі жалғыз нәзік жанды да Вера ханым. Ерен еңбегі үшін «Құрмет», «Барыс» ордендерін алған. 4 жыл бойы талмай қала басшылығында еңбектенген Вера Сухорукованы қазірдің өзінде ізгі естелікпен айтып отыратындар жетерлік. Қала әкімі лауазымынан тыс мемлекеттік лауазымдағы Вера Николаевна ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты да болды.
Гречухин Александр Васильевич (2003 қаңтар – 2004 ж.)
1959 жылы дүниеге келген Өскеменнің бесінші әкімі Александар Гречухин аталған лауазымда тұп-тура бір жыл қызмет атқарды. Оған дейін экономист-менеджер мамандығын игерген мемлекеттік қызметкер Шемонаиха, Глубокое аудандарының әкімі болды. Кейін Ұлан ауданын басқарып, облыстық Білім департаментінің директоры қызметін атқарды. Өңірдің тыныс-тіршілігіне Александр Гречухин өзіндік үлесін қосып келеді. Лауазымды тұлға 2012 жылдан бері облыстық мәслихат депутаты. Бір айта кетерлігі, Өскемен қаласының дәл ортасындағы «Даниэль» сауда үйі дәл осы әкімнің тұсында бой көтерген болатын.
Қажыбаев Амангелді Қажыбайұлы (2004 – 2005 ж.)
Тарбағатай өңірінде дүние есігін ашқан Амангелді Қажыбаев ондаған жылдар бойы қорғасын-мырыш комбинатында еңбек еткен. 1994 жылы ҚР Жоғарғы Кеңес депутаты болып сайланып, көп жағдайда өз мамандығына сәйкес өндіріс саласында еңбек етті. Өскеменнің басшылығына қаласына әкім болып келмей тұрып, Семей қаласын да басқарған. Қала тарихында Өскеменге басшы болып тағайындалған тұңғыш қазақ ретінде Амангелді Қажыбайұлын айтуға болады.
Баяндаров Мағзам Тоғжанұлы (2005 ж.)
Мағзам Тоғжанұлы қала басшылығында ең аз уақыт отырған әкім ретінде көптің есінде қалды. Қала басшылығында тұрған уақытында әкім экологиялық мәселелерге бас назар аударған. Көп кешікпей оның орнын жаңа әкім Александар Быстров басты.
Быстров Александр Михайлович (2005 мамыр – 2006 қыркүйек)
Быстров Мурманск облысының Кандалакша қаласында дүниеге келген. 1983 жылы КСРО ІІМ әскери-саяси училищесін аяқтаған. 1996 жылы Алматыдағы Қазақ Ұлттық университетін, мемлекеттік қызмет Академиясын бітірді. Мемлекеттік қызметінің басым бөлігін Оңтүстік астанада атқарып жүргенімен, 2005 жылы жұмыс бабымен Шығыс Қазақстанға ауысып келген. Өз тұсында Жеңіс даңғылының түзелуіне, абаттандырылуына баса маңыз берді.
Сапарғалиев Манарбек Қадылқұмарұлы (2006-2007)
Манарбек Қадылқұмарұлы бар-жоғы жарты жылдан аса уақыт қана қала басшысы лауазымын атқарды. Шаһарға әкім болып келгенінен-ақ тұрғындарға Бас жоспарды күшейтетініне уәде берді. «Театрдың көркі маңдайшасынан басталады» деген Манарбек Сапарғалиев қаланы абаттандыруды ауладан бастау керек деген қағидатты ұстанды. Кейінгі жылдары әр түрлі ведомстволарды басқарды.
Бұқтұғұтов Шәкәрім Сабырұлы (2007-2008)
Көкшетау қаласының тумасы Шәкәрім Бұқтұғұтов Өскемендегі жол-құрылыс институтын бітірген. Қазақ КСР кезінде Өскемендегі бірнеше ірі кәсіпорындарда қызмет атқарды. 90 жылдардың ішінде сусын өндіру бірлестігінің бас директоры, «Әділ» АҚ-ның басшысы болды. Шәкәрім Сабырұлының биліктегі қызмет жолы 1997 жылдан басталады. Өскемен қаласының әкімі болмас бұрын, әкімнің орынбасары, Риддер қаласының әкімі болып, кейін облыстық антимонополия басқармасында жетекшілік етті. Шәкәрім Бұқтұғұтов әкім болып тұрған уақытта Өскемен қаласындағы біршама көшелердің атаулары ауысты. Қаланың инфрақұрылымына маңыз берген әкім балабақшаларды қалпына келтіруге күш жұмсады.
Қасымжанов Темірбек Жұмақұлұлы (2008-2009 және 2013-2016)
Өскемен қаласына екі мәрте әкім болған бірден-бір әкім ретінде Темірбек Қасымжановты айтуға болады. Жалпы қала басшылығындағы еңбек өтілін есептесеңіз, Темірбек Жұмақұлұлының төрт жылдан астам уақыт шаһар басшысы болғанын білуге болады. Алғашқы тағайындалуында 8 ай ғана еңбек етіп, ел есінде қалып үлгермесе де, екінші тағайындалуында оның тұсында біршама іс тындырылды. Шаһардың 19-шағын ауданындағы қарқынды құрылыс жұмыстары да осы әкімнің тұсында мықтап қолға алынды. 2016 жылдың сәуір айында қызметімен қоштасқан Темірбек Жұмақұлұлы өзі туған өңірге – Зайсан ауданына әкім болып тағайындалды.
Әбішев Ислам Алмаханұлы (2009-2012)
Қаланы үш жылдай басқарған Ислам Әбішевтің атқарған еңбегін өскемендіктер әлі де ұмытқан жоқ. Әлеуметтік салаға баса маңыз берген әкім, соған қоса қала көшелерінің жөнделуіне мұрындық болды. Тұрғын-үй коммуналдық сектордағы жылдар бойы қордаланып қалған мәселелер «Ислам Алмаханұлының тұсында шешіле бастады» деседі жұрт. Айта кетерлігі, 2009 жылға дейін жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу бағытында 9 мыңнан аса адам жер телімі кезегінде тұрған болатын. Сол жылы қала әкімдігінің бастамасымен орталық алаңда бірден кезекте тұрғандардың 4 мыңына жер телімінің құжаты тапсырылды. Әкім кезінде әлеуметтік тұрғыда көмек берілетіндердің де қамын ұмытпады. 3 жылдай еңбек еткеннен кейін Ислам Әбішев Астана қаласына ауысты.
Тәукебаев Серік Шәуенұлы (2012-2013)
Оңтүстік Қазақстан өңірінде дүниеге келген Серік Шәуенұлы құрылыс саласының маманы оқуын аяқтаған. Шымкент университетінің заң факультетін бітірген. Оңтүстік Қазақстан облысында бір кездері Арыс қаласының әкімі қызметін атқарған. Денсаулық жағдайына байланысты көп отырмай, 2013 жылдың мамыр айында қала басшылығынан басқа қызметке ауысты.
Аймұқашев Ерлан Қапарұлы (2016-2017)
Жуықта ғана қызметімен қоштасқан Ерлан Аймұқашев оған дейін облыс әкімдігінде аппарат басшысы қызметін атқарған. 1970 жылғы азамат Павлодар қаласының тумасы. Қызмет жолының біршама бөлігі әскери саламен байланысты. Мәскеудегі энергетика және инфрақұрылым коллегиясында қызмет атқарған.
Тұмабаев Қуат Мұхитұлы (2017 – …)
Қуат Тұмабаев жақында ғана жаңа лауазымға тағайындалды. Жуықта тілшілер қауымының басын қосқан қала басшысы шаһар ішіндегі жолдарға баса маңыз беретінін, қыстыгүні қардың дер кезінде тазалануын бақылауға алатынын, ТҮКШ секторындағы мәселелерге маңыз беретінін атап өткен. Бұрынғы 16 әкімнің ішіндегі ең жасы да 1980 жылы туған Қуат Мұхитұлы екен.