24 желтоқсан күні Ертіс концерт Орталық мәдениет үйінде «Біз — еліміздің жарқын болашағымыз» атты Президент шыршасы болып өтті, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Облыс әкімі Даниал Ахметов аймақтың кішкентай тұрғындарына жылы лебізін білдіру үшін арнайы келді. Сонымен қоса карнавалдық костюм киген кішкентай бүлдіршіндер өздері ықыласпен көретін ертегі, мультфильм кейіпкерлерімен ойын ойнап, суретке түсті.
- Қымбатты балалар, XXI ғасыр - цифрландыру ғасыры сол себептен сендер үш тілді жақсы меңгерулерің керек. Себебі дүниежүзілік ақпараттың 60 пайызы ағылшын тілінде. Сөзсіз біз өзіміздің ана тіліміз-қазақ тілін білуміз керек, орыс тілін еркін меңгеруіміз қажет. Сендер еліміздің болашағысыңдар! Біз сендермен мақтанамыз! - деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Президент шыршасына 9-13 жас аралығындағы көпбалалы, аз қамтылған отбасыларынан шыққан, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, оқуда озат атанғандар мен көптеген жетістікке жеткен 200 бала келіп қатысты. Сондай-ақ әр аймақтан жас өнерпаздар келіп, өз өнерлерін ортаға салды.
- Бүгінгі жаңажылдық салтанат 200 баланы қамтып отыр. Қатысқан балалардың барлығына бағалы сыйлықтар мен тәттілер таратылады. Бүгін балалар облыстық Драма театрына барып тамаша қойылымның куәсі болуға және кешкісін «Юбилейный» кинотеатрына барып «Мұзды өлке» (Холодное сердце) атты мультфильм тамашалауға мүмкіндіктері бар. Балалар үшін мұның барлығы тегін, - деді ШҚО Білім басқармасы «Дарын» қосымша білім беру орталығы директорының орынбасары Шимина Елена Павловна.