Оңай олжаға кенелуді көздеген қарақшы қолына шолақ мықтық алып дүкенге кірген. Оған бәрі бәз-баяғы сценарийдегі сияқты болатындай көрінді: қарудан қорыққан сатушы кассадағы ақшаны қолына ұстата салады, ол болса біразға дейін қаражат қысылмай жүреді. Бірақ дүкен иесінің қайсарлық танытып, қарсы тұрғаны тонаушының бұл жоспарын күл-талқан еткен. Ер адамға бергісіз ерлік істеген әйелдің аты-жөні – Эльмира Музафарова, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Мылтықпен басынан ұрып жіберген
29 желтоқсан күні таңғы уақытта орта жас шамасындағы белгісіз ер адам мылтыққа ұқсайтын затпен Өскемендегі Тынышбаев көшесінде орналасқан «Асар» дүкенінің сатушысын қорқытып, ақша талап еткен. Бойын үрей билеген жас қыз дүкен иесіне қоңырау шалады.
– Өзім де сол маңайда тұрамын. Дауысы діріл қаққан сатушы тезірек келуімді сұрады. Құстай ұшып жетіп барсам, дүкен ішінде әлгі неме жайбарақат телефонмен сөйлесіп тұр. Қаруы қолында емес, үстелде жатыр екен. Лезде қимылдап мылтықты шап бердім. Қарақшы мұндайды күтпеген болуы керек, кәдімгідей абдырап қалды, – деп Эльмира Музафарова сол сәтті есіне алды.
Тонаушының бірінші айтқан сөзі «Әкел, мылтықты!» болды. Сол кезде қайсар әйел қабағын түйіп «Бұл жерден табаныңды жалтырат!» деп жауап қайтарған. Кенет қарақшы дүкен иесінің қолындағы қаруға жармаса кетеді.
– Оның ішімдіктен ұрттап алғаны бар көрінеді. Беріспей алыса кеттім. Мылтықпен басынан ұрып жібергенімде кері шегінді. Қаруды қайтарып берсем дүкенге қайтып келмейтінін айтты. Мұндай алдап-арбауына сенгем жоқ, – дейді батыл мінезді кәсіпкер.
Амалы құрыған тонаушы оқиға орнынан ізін суытқан. Бірақ жазадан жалтара алмады. Тәртіп сақшылары көп ұзамай оны қолға түсірген. 1965 жылғы Өскемен қаласының тұрғынына қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 192 және 287-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Соңынан анықталғандай, қарақшының қолында оқ атуға жарамды бір ұңғылы шолақ мылтық болыпты.
– Сауда-саттықпен 2000 жылдардан бері айналысып келемін. Мына оқиға түк те емес. Сол тұста небір сұмдық жағдайларды бастан өткердік қой. Аумалы-төкпелі кезде дүкен тонамақшы болғандар аз емес-ті. Ондайға етіміз әбден үйреніп алған, – дейді Эльмира Музафарова.
Ерлігі елеусіз қалмады
Алтай ауданында дүниеге келген азаматша бүгінде екі қызын қияға қондырып, жиен-немере сүйіп отырған әже. Өр мінезді әйелдің өжеттігі елеусіз қалмай Өскемен қалалық Полиция басқармасының басшысы Даур Ибраевтың Алғыс хаты берілген.
– Біздерді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай мәпелеп өсірген әкемді қара жердің қойнауына тапсырғаныма көп болған жоқ. Марқұм әкем ылғи да «менің қызым 5 жігітке пара пар» деп айтып отыратын. Полиция басшысының қолынан марапат алған кезде осы сөзі есіме түсті. Үйге келгенде алдымнан әкем шығып «Жарайсың қызым!» деп майдайымнан иіскейтіндей көрінді, – дейді қайсар әйел.
***
Кейіпкеріміздің әңгімесін тыңдай отырып арамызда осындай батыр жандардың барына қуандық. Әуел баста ол «өзімді ерлік жасадым деп есептемеймін. Жазбай қойсаңыздар қайтеді» деген еді бізге. Осыдан-ақ оның бойынан қарапайымдылық пен ұяңдықты көруге болады. Өзіңіз бір сәтке елестетіп көріңізші, таңсәріде қарулы қарақшымен арпалысу оңай ма? Әйел тұрмақ кей еркектің мұндайда зәресі зәр түбіне кетеді. Сондықтан сын сағатта жедел қимылдап, батылдық танытқан Эльмира Музафарова қандай мақтауға да лайық!
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ