Өскемендік Ержан Шегенов кикбоксингтен 17 жыл бойы ел чемпионатында ешкімге дес бермеген

2777
көрілім

Әлемдік аламандар тарихына көз жүгіртсек, тұғырдың ең биік сатысына жайғасып, талай жыл көлемінде жүлденің алдын бермей жүрген спортшылар жетерлік. Грек-рим күресінен Әлем, Еуропа, КСРО-ның жеті дүркін чемпионы, жерлесіміз Дәулет Тұрлыхановтан бастап әйелдер күресінен әлемнің 10 дүркін чемпионы Каори Ите, ресейліктердің батыры саналатын Бувайсар Сайтиев сынды сақа спортшылар қай жарыс болсын ұдайы ақтық сындарда өнер көрсетіп жүрді. Сан мәрте елінің Әнұранын әуелетіп, тұрақты нәтижесімен талайын таңырқатқан жандарға тамсанғанымыз емес, осы спортшылар сынды елінің намысын абыроймен қорғап, гүрзі жұдырығымен жаһандық жарыстарда жанкештлік танытып, кикбоксингтен тоғыз мәрте Әлем чемпионатының ақтық сынында өнер көрсеткен өскемендік Ержан Шегенов жайлы жазған мақалымызды назарларыңызға ұсынбақпыз, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Фотосурет prosports.kz сайтынан алынды
 

Әу баста әкесі ықпал еткен
Кейіпкеріміздің үлкен спортқа қалай келгені қалың жұртқа қызық болар. Әу баста ашып айтатын жайт, Ержан Шегенов алдымен былғары қолғап бәсекелерінде бақ сынап, «шын мықтыға шаршы алаңда тұсау жоқ» дегендей шынымен де шебер өнер көрсетіп жүрді. Айтуынша, спортзал табалдырығын аттауына әкесі Ким себепші атанған. Себебі өзі де бокстан қаражаяу емес жан болған екен. Десе де кейіпкеріміз үлкен өмірге қадам баспай тұрып әкесінің өмірден ерте кеткеніне куәгер болды. Бұдан кейін Өскеменде тұрақтап қалуды жөн көрмей қазіргі Қасым Қайсенов кентіне көшіп барған. Ол жерде сыныптасы Қанат Дюсупов «Облыс орталығындағы Спорт сарайына бокс үйірмесіне жазылдым, бірге барып тұрсақ қайтеді?» деген Ержан аға ойланбастан бірден келісімін беріпті.
– Ол кезде 14-темін. Алғашқы бапкерім Бағлан Райымханов болды. Шыны керек, толағай табыстарға жетіп, спортпен кәсіби түрде айналысып кетемін деген ой мүлде болмады. Сол уақытта заман ағымы қарбалас, өзің мықты болып, әлдекімдердің қабақ шытып қысым көрсетуіне әркез дайын жүруің тиіс, – дейді ол.
Бокстағы жеңісті жолы жасөспірім кезінде емес әскери борышын өтеген соң басталған. Бір айта кетерлігі, сол бозбала кезінде-ақ бокстан спорт шеберлігінен үміткер атанып үлгерді. Ал спортты жанына серік еткендердің барлығының қолынан келе бермейтін жетістік еді. Алдымен өткізген жекпе-жек санына қарайды, түрлі облыстық турнирлерде иеленген жүлделері мен белгілі бір спорттық атағы бар былғары қолғап шеберлерін ұту есепке алынды. Ержан Шегеновтың сөзінше, әскерде жүргенде қолы босаса-ақ жаттығу залына барып әзірлік жүргізген. Мұнысы взвод командиріне ұнамай, арагідік сөзге келіп қалған сәттері аз болмапты. Асқар тау әкесінен ерте айырылса да алдына мақсат қоя білген табанды жігіт жаттығу жасамаса өзін жайсыз сезінетіндей, тағат таппайтын. Ұзаққа жүгіру, суда жүзумен айналысу толассыз жаттығудың ажырамас бөлігі саналды.
– Бірде взвод командирі келіп: «Әй, Шегенов, сен осы әскерге не үшін келдің? Борышыңды өтеу үшін бе? – Иә, – дедім. – Онда жаттығуыңды үзбей жасап жүр» деп айтқаны бар. Спорттан іргемді аулақ сала алмайтынымды сонда сезіндім әрі тынымсыз жаттығу дегеннің іргетасын сонда жүріп қаладым, – дейді дарынды боксшы.

Кикбоксингке қалай ауысты?
Азаматтық борышын ойдағыдай өтеп, ат-көлігі аман, 1989 жылдың жазында туған қала Өскеменіне оралды. Алғашқы елішілік сайысы сол жылы күзде Шымкент шаһарында өтті. Жарыста 75 келі салмақ дәрежесінде топ жарып, КСРО спорт шебері атағын орындады. Бұл ғана емес, Ержан аға соңғы 10 жылда Өскемен бойынша танымал спортшылардың қолы жете бермейтін спорттық атаққа ие болды. Шаршы алаңдағы шалт қимылы, қарсыласын қарулы қолдарымен сұлатып түсіретін тегеуріні, қайсар мінезі расымен де кейіпкеріміздің жан серігі іспетті. Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ға дене шынықтыру мамандығы бойынша оқуға түсіп, спортқа деген құлашы кеңейіп, қадамы да ұлғая түсті. Студенттер арасындағы ел чемпионатында ешкімге мүмкіндік қалдырмай, гүрзі жұдырығын сынап көрді. Дегенмен сабақтан тыс уақытында күнкөріс қамымен қосымша жұмыстар атқарып жүрді. Саудамен айналысты. Сөйтіп еңбегін сауып, өзіне жетерлік нәпақасын тапты. Қанына қайтпас мінез сіңген жерлесіміз 90-жылдардың басында өзін басқа спорт түрінен де сынап көрді. Кикбоксингке алғаш шақырған Владимир Лечицкий есімді жаттықтырушыға «Мен боксшымын ғой, қалай болады екен бұл...» деп езу тартқан Ержан аға спортқа деген айрықша құмарлығынан ба, бас тарта алмады. Сөйтіп кикбоксингтен алғашқы жарысы Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да өтіп, қарсыласын кеудесі мен бүйір тұсынан қақырата теуіп, құлаштап соққы жұмсай отырып, айқын жеңіске жетті.

Ел чемпионатындағы Ержан Шегеновтың дәуірі
1992 жылы Мәскеудегі ТМД чемпионатына жол тартып, сол жерде үздік үштікті қорытындылады. Бәлкім, қарсылас шақ келтірмей шыңнан көрінер ме еді? Жартылай финалда қолы сынып, дәрігерлер жарысты жалғастыруға мүмкіндік бермепті. Хош, алғашқы жарыста жүлдегер атанғанына бек қуанышты. Енді ол алдына тек тау мақсат қоюмен болды. Ержан аға 75 келіге дейінгі салмақта өзін суда жүзген балықтай сезінген. ТМД чемпионатынан кейін Ақмола облысында жалауын көтерген ел біріншілігіне бет бұрды. Алғашқы айтулы сайыс болғаннан шығар, сол додаға артынып-тартынып барған у-шу, бокс, каратэ спортының алдыңғы қатарлы спортшыларының ұзын-саны мол болатын. Өскемендік кикбоксшы шаршы алаңда төрт кездесу өткізіп, барлығында да қарсыластарын мерзімінен бұрын сұлатып түсірді. Іле кикбоксингтен ҚР Спорт шебері атағын орындады. Әрі-қарай жүлделер легі басталды. Беларусь жеріндегі ТМД, 1994 жылы Азия, Еуропа чемпионаттары ер көңілді Ержан аға үшін бірінен соң бірі алына бастаған қамал іспетті еді. «Бастапқыда бокспен айналысып жүрген балаң жігіт кикбоксингке ауысқанда аяқты тік созу кезінде қиындыққа кезікті ме?»деп бір сауал қойып едік, «Бокстың қыр-сырын біліп, аяқты кеуде тұсына дейін көтере білсе жеткілікті, себебі бұл спортта көбінде қарсыластың бауыр тұсынан ұру жеңіске бір табан жақындатады» деді. Әу баста болаттай қаланған бокс іргетасы ел чемпионатында ешкімге дес бермеуге себепші болды. Нақтырақ айтсақ, 1992-2005 жылдар аралығы кикбоксингтен республика көлемінде Ержан Шегеновтың дәуірі десек артық айтпағанымыз. Себебі, қатарынан 17 жыл бойы өз салмағында оқ бойы озық тұру оңай емес әрине!

Фотосурет prosports.kz сайтынан алынды

Шайба үшін шайқасқа шыққандар
Шаршы алаң жекпе-жектерінде жұртқа қан-жоса төбелес мен спортшылар арасындағы қақтығыс шынайы қызық саналады. Көрген бойда делебелері қозып, айқай-сүреңге басады. Сол сияқты мұз айдынында имек таяқтарымен икемді қимыл жасайтын хоккейшілер де жиі шекісіп, қажет болса екеуара жаға жыртыса жөнеледі. Бірнеше жыл бұрын өскемендік «Торпедо» командасына мұхит асып келген Джордан Сауторн мен нидерландылық Майк Дальхюзн, өскемендік өзге де хоккейшілер күтпеген текетіреске үнемі дайын жүретін. Ендеше дәп соларға соққы жұмсауда дұрыс бағыт беріп, ешкімге есесін жібермеуге үйреткен осы Ержан Шегенов болатын.
– «Торпедоның» намысын арқалаған жерлестеріміз бен шетелдік ойыншылар Ерлан Сағымбаев бапкер болып тұрғанда жұдырықтасудан жалтармайтын. Текетірес кезінде қалай қорғану керектігін де көрсеттім. Есесіне бапкерлер «ойыншылар алаңда жүргенде өздерін сенімді ұстайтын» деп айтқаны бар. Ал қазіргі буындар көбінде тәртіпті ойын көрсетіп келеді, – дейді әйгілі спортшы.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Торпедоның жастар құрамасы елордалық «Снежные барсы» командасының ойыншылармен қақтығысқа түскенде мінез танытып, матчта да, кезек жұдырық сермесуге келгенде де қарап қалмаған. Ол ол ма, хоккейде командаластары үшін соңына дейін баратын «тафгайлардың» Әлем чемпионаты да өткізілген екен. Латвияға әр елден келген 10-нан астам жұдырықтасуға даяр тұрған хоккейшілер былғары қолғап бәсекесінен шеберлік байқасып, Ержан ағаның баптауымен бақ сынаған Максим Широков есімді ойыншы арнайы белдікке ие болған.

 Шетелге шақырса да бармады
Бүгінде ардагер спортшы Борис Александров атындағы спорт сарайында кикбоксинг бапкері. Кей күндері 4 мәрте жаттығу өткізіп тұрады. Біліктілігі жетіп тұрса да мәнсап қуып, жеке басының жағдайын жасауды бірінші кезекке қоймаған спортшының туған жерге деген ыстық ықыласы таңқалдырды. Себебі қашан да сөзі мен ісі қабысатын Ержан ағаны шетелге бапкер болуға талай рет шақырыпты. Жүрегі «отандық кикбокс спортын дамытсам» деп соғатын жерлесіміз елден кетуді еш ойламаған. Қайта Қуаныш Төлегенов, Серікбол Ермеков сынды шәкірттерінің томағасын сыпырып, Әлем чемпионаттарында топ жаруына жол ашты. Зер салсақ, жерлесіміздің жеңісті жолы 90-жылдармен тұспа тұс келеді. Ол уақытта жер-жерде қылмыс өршіп, бұзақылықтың белең алғаны талайына мәлім. Ендеше жеме-жемге келгенде алдына кезіккенді салған жерден сұлатын түсіретіндей соққысы бар жігерлі жерлесімізді сол уақыттың жырынды жігіттері бірігіп сес болуға талай мәрте шақырған екен.   Онымен қоса оққағар болуға да ұсыныстар түсіпті. Соған қарамастан қайсар жанның алға қойған мақсаты – спортпен тек бейбіт мақсатта дос болу. Айтпақшы, өр мінезді өскемендік кикбоксшы ағамыз қазан айында Ирландияда ардагерлер арасында өткен Әлем чемпионатында алтын медаль иеленіп, ел мерейін асырып қайтқан болатын. Осылайша ел таныған Ержан аға бүкіл ғұмырын спортпен байланыстырып келеді.
Әділхан ЕСІМХАНОВ