Бұл күндері Швейцарияның Айроло қаласында өтіп жатқан фристайл-могулден жасөспірімдер арасындағы Еуропа кубогі кезеңінде өскемендік спортшы тұғырдың ең биік сатысынан көрінді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бір айта кететіні, аталған сайысқа ел құрамасы спортшылар саны айрықша көп делегация апарды. «Қысқы спорт шеберханасы» аталып кеткен Шығыс өңірінен де ел құрамасы сапында ауқымды сындарда бақ сынауға әзір фристайлшы ұл-қыздарымыз өнер көрсетуде. Барлық жанкүйерлер көкейінде: «Юлия Галышеваның ізін басар спортшы бар ма екен?» деген сауалдың болғаны бесенеден белгілі. Ендеше бұл сұраққа ауыз толтырып «иә» деп жауап берсек әбестік болмас. Себебі өскемендік Анастасия Городко сайыс басталғалы бірден алғашқы алтынды қоржынға салды. Десе де бұл фристайлдың параллельді могул түрінен екенін айта кетейік. Алдымен ақтық сынға аптықпай жетіп, шешуші бәсекеде нидерландылық Джанек Бирхаустан басым түсіп, қоржынға алтын жүлде әперді. Мұнымен шектелмеді. Қаңтардың 14-і күні де дәл осы нәтижесін қайталап, тұғырдың ең биігіне жайғасты. Айта кетейік, жерлесіміз қатарынан екі күн шешуші сында Джанек Бирхаустың алдын орап, өзінің бабында екенін байқатты.
Әділхан ЕСІМХАНОВ