Өскемендік сарбаздар Гиннес рекордтар кітабының рекордшысымен кездесті

2486
көрілім

Қара темірді қайыстай илейтін Сергей Цырульников Өскеменге келіп, гарнизондағы әскери қызметшілермен кездесу өткізді. Кигені саптама етік, түлкі тымақ. Мақсаты – Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына орай «Batyrs' Battle» көп сайысын өткізіп, әр өңірден білекті жігіттерді анықтау.

– «Batyrs Battle» еліміздің төрт қаласында – Өскеменде, Ақтөбеде, Түркістанда және Нұр-Сұлтанда өтеді. Күні кеше Шығыстың бас шаһарында жарыс алауы жағылды. Қажымұқан мен Балуан Шолақ аталарымыздың айналысқан жаттығу түрлерін халық арасында насихаттағымыз келеді. Бабаларымыздың білек күштерін бүгінгі ұрпақ сезінсе екен, – дейді мәдениет және спорт министрлігінің амбассадоры Сергей Цырульников.

Спортшы әскери бөлімде Қажымұқанның балуандығын насихаттап, Отан алдындағы борыштарын өткеріп жүрген мерзімді қызметтегі сарбаздарды салтанатты түрде шығарып салу және сержанттар күніне арналған іс-шараларға қатысып, құтты қонақ болды.

Сергей Цырульников темір илеп, қалың қағаздарды жыртып, жылытқышты жарып, сарбаздарға өз өнерін паш етті. Шешендікке де шебер запастағы подполковник Цырульников сарбаздарды ортаға шығарып, өзімен бірге өнер көрсетуге мүмкіндік берді.

Дейтұрғанмен Қажымұқан айналысқан спорт сарбаздарға оңайға соқпады. Таға мен шегені илеп, жүрекше етіп, гарнизон бастығы подполковник Аслан Кітапбаев мырзаға ұсынып, бөлімнің мұражайында сақтауға табыстады. Сонымен қатар әскери бөлімнің «Құрмет кітабына» өз қолжазбасын қалдырды.

Сергейдің батыр бабамызды насихаттап жүргеніне гарнизон басшылығы ризашылығын білдіріп, қазақы дәстүрмен алып күш иесіне қонақ кәде жасап, иығына шапан жапты.

Кездесу соңында құрметті қонақ сарбаздармен естелікке суретке түсті. Сарбаздар естен кетпес бұл кездесуді мақтанышпен айтып жүретіндерін, әскердегі мұндай кездесу жаныңа Рух береді екен, еңсеміз еселенді, бекемділік пен армандарымыз артқандай деп, көтеріңкі көңіл күйде қызметтеріне кірісті.

Қысқаша анықтама: Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде қызмет атқарып, 2018 жылы келісімшарт мерзімі аяқталғаннан кейін запасқа шыққан. Әскери шені «ПОДПОЛКОВНИК». Мәдениет және спорт министрлігінің спорт амбассадоры, күш өнерінен әлемнің, Гиннесс рекордтар кітабының және Қазақстанның бірнеше дүркін рекордшысы, гір спортынан спорт шеберлігіне үміткер, қазақ балуандары Қажымұқан Мұңайтпасұлы мен Балуан Шолақтың ізін жалғастырушы, темір-терсекті оп-оңай иіп, илеп, тура мағынада «тепсе темір үзетін» Сергей Цырульников.

Өскемен гарнизонының баспасөз қызметі