Семсерлесуден еліміздің ерлер құрамасы Францияда өткен әлемдік жарыста үздік үштіктен көрінді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Құрама сапында екі бірдей жерлесіміз бар. Соңғы уақытта Руслан Құрбанов та, Вадим Шарлаимов та кіл мықтыларды жолынан тайдырып, команданың жеңіске жетуіне сүбелі үлес қосып келеді. Франциядағы додада спортшылар шпага бойынша өз мүмкіндіктерін байқады. Руслан Құрбановтың айтуынша, осы нәтиже биыл жазда өтетін Олимпиада ойындарында жеребенің ойдағыдай түсуіне әсер етуі мүмкін.
- Біздің рейтингте нешінші орында тұрғанымыз Олимпиададағы алғашқы қарсыластар таңдалатын кезде ескеріледі. Бұл стратегиялық тұрғыдан маңызды. Азия чемпионатынан кейін жеребе белгілі болып, қарсыластар анықталады, - деді ол.
Ел құрамасы аталған сында алғашқы 16 команданың қатарына кіру үшін Ливияны жеңіп, 1/8 финалда Испания құрамасын 45:27 есебімен айқын ұтты. Ширек финалда Украина құрамасын (45:37) есебімен жеңсе, жартылай финалда жарыс қожайындарына 36:45 есебімен жол берді.
Үшінші орын үшін өткен жекпе-жекте спортшылар 45:29 есебімен Израильді жолынан ығыстырды.