Өскемендік студенттер Әлем чемпиондарымен жолықты

437
көрілім

С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да әлемдік сайыстарда топ жарып, жүлдегер атанған спортшылар облыстық «Жалынды жастар – ұлт болашағы» форум барысында студенттермен кездесті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылып өткізілген шара шымылдығын университет ректоры Мұхтар Төлеген ашып, спортты серік еткен жастардың қоғамның бірден бір қозғаушы екендігін жеткізді. Облыс намысын қорғап жүрген талай жастың С.Аманжолов атындағы білім ошағының студенттері екенін мақтанышпен бөлісті.

- Егемендік алғанға дейін еліміздің қандай бұралаң жолдардан өткенін, қалтарыс-бұлтарыс сәттерде жұдырықтай жұмылғандарын тарих сабақтарынан оқып жүру еш артықтық етпейді. Әсіресе қазіргі буын бүгінге дейін Тәуелсіздігін ала алмай отырған елдердегі тұрақсыздықты ескеріп, өз мемлекетінде тек ізгілікке бастар әрекет ету керектігін түйсінулері тиіс, - деді Мұхтар Әділбекұлы.

Бұдан соң шара қонақтары алдымен үлкен спортқа қалай келгендерін сөз етіп, ең алғашқы сайыстары жайлы естеліктерімен бөлісті. Айта кетейік, аталған форумға қалалық спорт бөлімінің басшысы, дзюдодан ардагерлер арасындағы Әлем чемпионы Алмас Атаев, грек-рим күресінен Азия, ардагерлер арасындағы Әлем чемпионы Ербол Қоңыратов және Өскемен қаласының ұлттық және олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша БЖСМ басшысы директоры Тимур Оразов қатысты. Тимур Санызбайұлының самбо күресі мен дзюдодан әлемдік аламандарда талай рет атой салғанын айта кеткен орынды.

- Мейлі ол жас, ересек болсын спортта күн сайын туындап жатқан бәсекелестікте сылбыр әзірлік жүргізу жеңіске жетелемейді. Иә, салауатты өмір салтын ұстанып, денсаулықты нығайту мақсатындағы жаттығудың жөні бөлек. Алайда шыңға шығып, нәтижеге жетуді көздесең өзгелерге қарағанда бір жарым, екі есе артық дайындық жүргізу қажет. Себебі басқа жақта сені жеңу үшін де өзге біреудің тер төгіп жатқанын ескеруің тиіс, - деді Тимур Оразов.

Классикалық күресте талай жыл көлемінде облыс намысын абыроймен қорғап келген Ербол Қоңыратовтың айтуынша, үлкен спортқа қадам баспай тұрып фотограф болуды армандаған. Айналадағы түрлі әсемдік пен қимыл-қозғалысты бір сәтке сыйғызуды қалаған ол ақыр соңында күрес үйірмесіне барып, көптеген жылдарды бозкілемде өткізгенін жеткізді. Ал студенттер тарапынан маңызды жарыс алдында қобалжуды қалай жеңуге болатындығы жөнінде сауал түсті. Кәсіби спортшылар бұған жан-жақты әрі кәсіби жауап берді. Алмас Атаевтың сөзінше, қорқыныш пен қобалжу қалыпты құбылыс. Тек сайысты тым көп ойлап, қобалжуды шектен тыс көбейтудың соңы жеңіліске, спортшылар тілімен айтқанда «жанып кетуге» әкеледі. Ал Тимур Оразов болса, мұны ғылыми терминмен адреналин деп жеткізді.

- Бұлшық ет талшықтары әрекетінен адам ағзасында адреналин бөлінеді. Сол адреналин әсерінің дұрыс болмауынан көпшілігінің жарыс алдында аяқ-қолдары дірілдеп, тізелері қалтырап кетеді. Қобалжуды жеңудің ең тиімді әдісі – сайыстарға жиі қатысу, - деді Тимур Сансызбайұлы.

Шара соңына қарай университет оқытушылары мәртебелі меймандарға Алғыс хат табыстап, студенттер естелік суретке түсті.