Өскемендік таеквондошылар Австрияның Инсбурк қаласында өткен халықаралық турнирде жүлдегерлер қатарынан көрінді. Аталған додаға тыңғылықты әзірлікпен барған өскемендік спортшылар үш медаль иеленді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Таеквондо федерациясының президенті Мерхат Болатхановтың сөзінше, Australian Open турниріне Өскеменнен төрт спортшы барып қатысқан. Ешбірі аянып қалмады. Кейбірі енді-енді тәжірибе жинап, алдағы аламандарға шеберлігін шыңдау мақсатында жол тартқан. 53 келіге дейінгі салмақта Дарын Зайнеш төрт кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Финалда тағы бір жерлесіміз Медет Елемесовтен басым түсіп, тұғырдың ең биігіне көтерілді.
Батырхан Төлеуғали де бабында екен. 68 келіге дейнігі салмақта қарсылас шақ келтірмей, 19 спортшының ішінен оза шапты. Алдымен неміс, сосын украин таеквондошыларын ұтса, әрі қарай Нидерландының үздігін қапыда қалдырып, финалда тағы бір неміс спортшысының жолын бөгеді.
59 келіге дейнгі салмақта жарыс жолына беттеген Ануар Мұхаметкәрімов алдымен италиялық қарсыласын ұтқанымен, әрі қарай неміс таеквондошысына есе жіберді.
ШҚО Таеквондо федерациясының вице-президенті Әділ Сайлаубектің сөзінше, биылғы Балалар жылы қарсаңында жас спортшыларға деген қолдау ерекше болуы тиіс.
Айта кетейік, Инсбурктегі рейтингілік турнирде ұзын-ырғасы 1071 жас таеквондошы жүлде үшін өз мүмкіндіктерін байқады. Федерация мен бапкерлік құрам, оның ішінде, жастар және ересектер арасында облыстың аға жаттықтырушысы Қайдар Қабышевтың еңбегін айта кеткен орынды. Алда Әлем чемпионаты күтіп тұр.
Әділхан ЕСІМХАНОВ