Өскемен қаласының №2 сотында өз анасының үйін заңсыз ойын ордасына айналдырған 33 жастағы азаматтың ісі қаралды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Сотта айыпты кінәсін бірден мойындаған. Тергеу органы күдіктінің жасыл түсті матамен ойын үстелін, ойын таймері мен әр түрлі номиналдағы фишкаларды сатып алғанын анықтаған. Жасырын казино шамамен бір жыл бойы жұмыс атқарып, оның ұйымдастырушысы көп-көрім пайдаға кенеліп отырған. Ұлының құйтырқы әрекетін анасы сезбеген де көрінеді.
Казиноға мемлекеттік кіріс департаментінің қызметкері «ойыншы» ретінде қатысып, ақыры күдікті ұсталады. Бұлтартпас дәлелдер күдіктіні тырп еткізбей, ол процессуалдық келісімге келген. Сот үкімімен күдікті қылмысы үшін кінәлі деп танылып, оған 1 млн 345 мың теңге көлемінде айыппұл (500 АЕК) салынды. Заңсыз казиноның мүліктері толығымен жойылды.