Өскемендік тұрғын теңгені арзан бағада долларға айырбастап беретінін айтып жұртшылықты алдаған

655
көрілім

Өскемен қалалық №2 сотында «теңгені арзан бағамен долларға айырбасаймын» деп халықты алдаған әккі әйелге қатысты үкім шықты. Сот материалдарына сүйенсек, айыпталушы кейбір тұрғындардың 30 мың доллар ақшасын заңсыз иемденіп алған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі. 

Оңай пайдаға кенелмек болған әйел Өскемен қаласының тұрғындарына «Банктерде таныстарым бар. Солар арқылы теңгені арзан бағамен долларға айырбастап бере аламын, бірақ бұл қызметті ақылы түрде іске асырам» деп ұсыныс білдірген.

Азаматшаның осындай қармағына ілінген адамдар аз болған жоқ. Олардың арасында алаяқ әйелге 30 мың доллар берген жандар да болыпты. Бірнеше ай бойы теріс жолмен ақша тауып жүрген әйел оған ақша берген адамдардың бірден бармағын тістетпеген. Басында аз ақша алып, оны долларға айырбастап, олардың сеніміне кіре біліпті. Кейін ірі мөлшердегі қаражатты алғаннан соң із-түссіз жоғалып отырған.

Өскемен қалалық №2 сотында қаралған сот ісінде айыпталушы арыз түсірген кей адамдарды танымаймын деп жауапкершіліктен жалтармақ болды, алайда оның кінәсі толықтай дәлелденіп, сот шешімімен 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушы кесілген үкіммен келіспей, апелляциялық сотқа жүгінгенмен, апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ