Өскемендік тұрғындар салынған үйдің сапасыздығына наразы

415
көрілім

Сайт редакциясына хабарласқан облыс орталығының Жібек маталар комбинаты аумағындағы Уәлиев көшесі 9/3 мекен жайының тұрғындары бірнеше жылдан бері тесілген шатырдан пәтер төбесінен сорғалап су ағып, үйдің жоғарғы жақтауының кірпіштері опырыла бастағанынан үрейленіп отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Діттеген жерге жете бере тұрғындардың балалар ойын алаңының бір бұрышына «Қыс бойы қар тазаланбады», «Подъезд сыпырушысы жоқ», «Айтқанының бәрі өтірік» деп жазылған плакат іліп жатқанын байқадық.

Бұл жерде бір емес, бірнеше өзекті мәселенің бары белгілі болды.

Өзін осы үйдің тұрғынымын деп таныстырған Елдар Есенұлы есімді азамат (аты-жөні өзгертілген) іргедегі ашық жатқан люктерді көрсетті. Қысы-жазы беті жабылмайтын люктердің екеуін жауапты біреулер 13 ақпан күні жапса керек. Алаңдаған ата-аналардың ойын баласы түсіп кете ме дегенде зәрелері жоқ. Белгілі болғандай, люктер бес жыл бойы ашық жатқан көрінеді.

Тұрғын үйдің бір жағы отырып барады. Соның салдарынан, подъезді ұдайы су алып, үйдің іргетасының араларында шел пайда болған.

Мұны жертөлеге түсіп, үйіліп жатқан құрылыс қалдықтарын көргенде байқау қиынға соқпады. Тазалық болмаған соң бұл жерді егеуқұйрықтар мекен етіп алған сыңайлы – емін-еркін жүгіріп жүр.

– Жағдайымызды айтып құрылыс бөліміне неше мәрте арыз-шағым жолдадық, алайда ондағылар күні бүгінге дейін құрғақ уәдемен құтылып келеді. Нақтырақ айтқанда, 2018 жылдың 15 шілдесіне дейін тиісті жөндеу жұмыстарын жүргіземіз деген. Ең қауіптісі сол, төртінші подъездің іргетасы төмен түсіп кеткен. Қазір есігі ашылмайды, жерге тіреліп қалады. Соның салдарынан қар мен жаңбыр жауса, судың бәрі сел болып төменгі қабаттағы пәтерлерге кіреді, – дейді Айбол Аманов (аты-жөні өзгертілген).

Пәтерлерге су кірген соң күзде бір мекеме келіп ауланы орып қазыпты. Екі ай бойы не асфальт төселмей, не соңына дейін қазылмай қара суық түскенде қолға алынған жұмыс тоқтап қалған. Сорақысы сол, неше жылдан бері дұрыс жабылмаған шатырлардан төртінші, бесінші қабаттағы пәтерлердің төбесіндегі су сорғалап, іші сыз тартып тұрады.

Бесінші қабатта тұратын Әсел Айдынованың айтуынша, төбеден су ағып, ПИК-ке хабарласқан кезде: «Шылапшын қоя салыңыз» депті жайбарақат.

Белгіленген уақытта қала әкімінің орынбасары Тамара Рахимжанова мердігер ұйым, құрылыс бөлімінің өкілдері, ПИК директоры және тұрғындар арасындағы белсенділерімен бас қосып, мәселені сол жерде талқылайтындықтарын жеткізді. Қалай десек те қыраулы қыста машақат тартып отырған тұрғындардың мәселесі бір жиыннан шешілмейтін секілді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ