Ресей елінің астанасы Мәскеудегі Мемлекеттік Кремль сарайында «Ты супер!» шоуының ақтық сайысы өтіп, оған балалар үйлерінің, мектеп—интернаттардың тәрбиеленушілері мен қамқоршы отбасылардағы жеткіншектер қатысты, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бұл шараның аясында сахнаға Өскеменнен Владислав Лоскутов Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаевамен шығып, «Алғашқы махаббат» әнін орындады. Влад шоуда бағын сынаған төрт қазақстандықтың бірі, яғни ол ширек финалға дейін жетіп, өнерімен тәнті етті. Атап айтқанда, бұл жобаға еліміздің атынан Рано Сабанкулова, Владимир Сарафутдинов және Роман Корнеев те қатысқан еді.
17 жастағы Влад Лоскутов «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушісі. Ресейдегі «Ты супер» байқауында Майкл Бубленің «Feeling good» әнін орындап, көрші елге таныла бастады. Музыкалық жетекші Ерболат Матабаев – Владтың ұстазы.