Өскемендік зейнеткер дүкен қожайынының қиқар қылығына наразы

795
көрілім

«Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдым» деп шенді-шекпенділер мен жауапты тұлғаларға сан рет жүгінген тұрақты оқырманымыздың сөзіне құлақ асар кім бар дестік. Мазасын алып, машақат келтіріп жатқан адамдар емес, солардың қитұрқы қылығынан үй қабырғасына орнатылған қаңылтырдан келер жаңбырдың тарсылы. Күз келе көктен көз жас тоқтаусыз төгілетіндей, жауын-шашын жиілей түседі. Ол аздай қынабындағы қылышын лезде суыратын қыс та таяды. Сонымен мәселеге мән беріле ме?

«Түнде көз іле алмаймын»

Өскемендегі Новаторов көшесі, 19 мекенжайында «Наш» деген дүкен бар. Не сатады дегеннен гөрі «қазір немен айналысуда?» деп сауал тастаған дұрыс болар. Жарнама жағына баса мән берген сыңайлы. Аумағы ат шаптырым дей алмаймыз. «Айдағаның бес ешкі, ысқырығың жер жарадының» кері дерсің. Кіреберіс маңдайшасына дүкен атауын бадырайтын тұрып жазған, есігі де баннерлерге бай. Енді айналасын сәндеп, екінші қабат қабырғасының бір жақтауын пішінді қаңылтырмен көмкерген. Тұрғындар сөзінше, қыркүйектің бел ортасында кіріскен екен қаңылтыр орнатуға. Содан бері тыныштығы кетіп, жаңбыр жауса қаңылтырға тиген тамшының дауысы құлағының түбіне жеткен Сандуғаш Долданова газет редакциясына қоңырау шалып, мән-жайды түсіндірді. Шынымен құзырлы мекемеге жүгінетіндай-ақ жайт. Бәлкім болмашы мәселе болып көрінер көпшілігіне. Сол үйдің тұрғыны болған жан ғана бұған бас ауыртар.

– Осы әрекеттері заңды ма? Түнде көз іле алмаймын. Аспаннан қалың бұлт кетпей, ақ жаңбыр тоқтаусыз жауса береке кетті, ұйқы қашты деген сол болар. Дүкен қожайындарына «рұқсат қағаздарың бар ма?» деген едім, сөзімді құлақтарына да ілмеді. Мазам қашқан соң тағы бір шағымданып көріп едім, «тұра алмасаңыз басқа пәтерге көшіңіз» деп ызбарлана айтқан уәжі зейнеткерге зілді естілді. Тереземнің астына тіреп тұрып орнатқан қаңылтырларына қыста қар жауса терезем көрінбей, еріген қар суы үйіме кіреді ғой, – деп безек қаққан ардагер ұстаз мәселенің тезірек шешімін тапса дейді.

Қала әкімдігі қауқарсыз

Ал қала әкімдігі не дейді? Бірқатар мәселелердің қаралуы солардың құзыретінде болатын. Бұл жолы олай емес көрінді. Берген жауаптарына көз жүгірткенше «қай сөз қай жерде тұруы тиіс, сөйлемдер дұрыс жазылған ба өзі?» деп үңіле түстік. Ресми жауаптары жабырқата түсті. Әлде мәселе көтерген газет тілшілерін менсінбеді, әлде машақат тартып отырған зейнеткердің базынасына бас ауыртқылары келмегенді ме, әйтеуір сырғытпа жауап дерсің. Қысқасы қойылған сауалдардың бірде-біріне тұщымды жауап ала алмадық.

– Аталған мекенжай бойынша «Өскемен қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесі рұқсаттама құжаттары берілген жоқ. ҚР «Қазақстан Республиксындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңына сәйкес объектілердің құрылысына мемлекеттік сәулет-құрылысқа бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын «ШҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесі құзыретіне жатады, – делінген қала әкімінің орынбасары Арман Искаковтың сұраухатқа берген жауабында.

Әрине, мәтінді бір оқығаннан толыққанды түсініп кету оңайға соқпас. Ұққанымызша, «Наш» дүкенінің қожайынына тұрғын үй қабырғасын пішінді қаңылтырмен көмкеруге рұқсаттама қағазы берілген жоқ. Ұзын-сонар заңнаманы тізбектей келе аталған мәселенің мән-жайын облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы құзыретіне жататынын алға тартты. Зәулім ғимарат, яки қоғамдық мекеме болса бір сәрі, шағын дүкеннің мәселесін облыстық бақылау басқармасының қадағалағаны қалай? Сонда қала әкімдігінің қауқары неге жетеді? Әлде кішігірім дүкендер мен дүңгіршектерге ғана пәрмені жүре ме? Рұқсаттама қағазын алу үшін шынымен де қала басшылығынан аттап, облыстық басқармаға жүгінген дұрыс па?

Сотқа жүгінген жөн

Ең бастысы, қала әкімінің орынбасары рұқсаттама құжаттарының берілмегендігін жеткізді. Олай болса заңсыз әрекеттерге қандай жаза қарастырылған? Тізбектеп жатудың өзі ыңғайсыз, десе де ресми жауапты толықтай ұсына кетуді жөн көрдік.

– ҚР Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы №750 бұйрығымен бекітілген құрылыс салуды ұйымдастыру және құрылыс саласында рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларының 2-бөлімі 5-тармағына сәйкес елді мекендер аумағында әртүрлі мақсаттатағы объектілерді өз бетімен салуға жол берілмейді, – делінген жауапта.

Одан бөлек, әкімдік Тұрғын үй қатынастары туралы заңның 8-бабы, 1-тармағына сәйкес тұрғын үй құқықтық қатынастарынан туындайтын даулар сот арқылы шешілетіндігі жөнінде ақпарат ұсынды.

Әділхан ЕСІМХАНОВ