Өскемендік жас ғалым өз жобасына патент алды

384
көрілім

Өскемен қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 «С» сынып оқушысы Аяулым Сейітқамзина экологиялық кризисті өз зерттеулерімен шешуге ынтық. Оқушы аграрлы өлкеге орасан зор зиянын тигізетін өндірістік факторлардың алдын алуға ұмтылуда. Міне, жуықта жас ғалым «тұқымдарды жетілдіретін органоминералды препарат» ойлап табуға патент алды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Жоба 2015 жылдан бері жүргізіліп, оқушының патент алуымен қорытындыланды.

- Жұмысты 9 сыныптан бастап қолға алдым. 3 жыл ішінде асбұршақтың 2500 тұқымын отырғызып зертханалық зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Негізгі жұмыстар сынамалар өткізу үшін лайықты деңгейде жабдықталған мектеп жылыжайында өтті, - дейді Аяулым Сейітқамзина. – Экологиялық таза, өсімталдылықты жоғарылататын дәрі қалдықсыз, ауыр технологияларсыз-ақ дайындала береді.

Жаңадан ойлап табылған дәрі сұйық Saccharomyces cerevisiae ашытқысы, автолизаты және бентонит гелінен дайындалады. Ұсынылып отырған органикалық минералды дәрі өсімталдыққа ғана емес, тұқым сапасын да арттырады.

- Дәрі тұқымның айналасына бекініп, ылғалды ортада ісінеді. Микро және макро элементтердің алмасуына ықпал етіп, топырақтағы ауыр металлдарды өзіне сіңіреді. Ал металлдар өсімдікке тимеуі керек, - дейді Аяулым Сейітқамзина.