Өскемендік жас робототехниктер республикалық турнирде жеңімпаз атанған

643
көрілім

Өңіріміздегі робототехника саласы қарыштап дамып келе жатыр деуге негіз бар, себебі Шығыс Қазақстандағы жас робот құрастырушылар республика аумағында ұйымдастырылып жатқан бірқатар турнирлерден жүлделі орындарды иеленіп жүр. Жақында Ақтөбе қаласына барған жас өрендеріміз тағы да жеңіс жалауын желбіретті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Қазан айының 6-8 күндері аралығында Ақтөбе қаласында өткен робототехника фестивалі аясында балалар мен жасөспірімдер арасындағы «KazRoboSport-2017» робототехника турнирі мен «KazRoboProject-2017» ғылыми-технологиялық жобалар байқауы ұйымдастырылды. Бұл сайыстардың басты мақсаты – роботтарды құрастыру техникасын әртүрлі салаларда (спорттық, білім беру, ғылым және ғылыми-зерттеу) қарқынды дамыту, өскелең ұрпаққа дәріптеу болып отыр. Дүбірді додаға Қазақстанның әр облысынан қатысушылар барған.

Облысымыздың намысын Өскемен қаласындағы «Жас техниктер» станциясындағы робототехника үйірмесінің оқушылары қорғады. Тартысты өткен сайыс нәтижесі бойынша, «Робототехника» пәнінің мұғалімі Думан Шәкердің шәкірттері екі медальға ие болды. «Биатлон» номинациясында Расул Елшібаев мен Бауыржан Қасымғали қарсыластарынан басып озып, 1-орында қанжығаларына байласа, «Линия» турнирінде Аңсар Нұрланов пен Рамазан Манап 2-орынды иеленген. Жеңімпаздар медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.