Өскемендік жедел уәкілдер «екінші Чикатилоға» балаған Юрий Иванов ату жазасына кесілген

207
көрілім
Юрий Иванов істегенін Андрей Ларионовқа көрсетіп тұр

«Тергеу бөлімшесіне жеткенше қалың ойдың жетегінен шыға алмай келдім. Кімді бірінші пышақтасам екен?». Қолға түскен Юрий Иванов жедел уәкілдердің сұрағына жауап бере отырып, ойында не барын жасырмады. Мүмкіндік болса, біреуіне суық қаруын сермеп, тіпті сұғып алмаққа оқталды. Олай еткенмен қашып құтылмасын білді ме екен, әлде екі жақтан қаумалаған сұсты сақшылардың мысы басты ма екен – Иванов шалт қимылға бармады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Табуға түрткі болған түйме

Бұл уақытта алматылық жедел уәкілдер де, Мәскеу қылмыстық іздестіру бөлімшесінің жігіттері де төңіректі қопара-қопара түк таппай жатты. 1987 жылдың қазан айында күн күрт суытты. Катонқарағайлық жедел уәкіл Виктор Горшковтың сөзінше, Ивановқа «бізбен жүріңіз» дегенде ол мүлде қарсылық көрсетпеді.

– Әйтеуір ешбір оқыс әрекетке бармады. Тек ҮМЗ маңындағы тергеу бөлімшесіне кіре бере, күдікті жеңіне жасырған пышақтан құтылғысы келіп, қолынан сырғытып жіберді, – деді жерлесіміз.

Облыстық ішкі істер департаментінің ерекше маңызды істер бойынша аға жедел уәкілі Андрей Ларионовтың сөзінше, әкеле жатқан адамды әуелде талайды қан қақсатқан маньяк деп ешкім ойламады. Көзінен алақ-жұлақ еткен белгі байқалмайды. Анықталғандай, Иванов осының алдында зорлауға әрекеттенгені үшін абақтыға отырып шыққан. Жасы 31-де. Ал оның сол уақытқа дейін не істеп, не қойғанын анықтау үшін тергеу тобы құрылды. Соның бір мүшесі – 1980-ші жылдары облыс прокуроры болған Александр Азаров.

– Менің қарсы алдымда орта бойлы, шымыр, күш-қуаты толысқан, екі көзі анталаған қасқырдан аумайтын ер адам отырды, – деді ол осыған дейін берген сұхбаттарының бірінде.

«Было дело» – «Исповедь перед смертью» бағдарламасының мұрағатына үңілсек, жедел уәкілдер оның алдында табылған түйме мен Ивановтың киіміне қадалған түймелер бірдей. Бірақ біреуі жұлынған. Иванов «иә, қылмысқа барған мен едім» демей, «ондай түйме толып жатыр ғой» дегенді желеу етті.

Түнде түйме арқылы күдікке ілінген адаммен әрі қарай милиция батальонында еңбектенген Андрей Устьянцев пен Виктор Горшков жұмыс істеді. Жерлесіміздің сөзінше, Юрий Иванов тергеу бөлімшесіне жеткенше соңынан Устьянцев еріп отырды. Ол еңгезердей жігіт. Егер алдында кетіп бара жатқан Бұлжановты сұлатып түсірсе, артындағы Устьянцевті алып ұру қиын екенін түсінді.

– Тергеу бөлімшесіне жеткенше қалың ойдың жетегінен шыға алмай келдім. Кімді бірінші пышақтасам екен? – депті күдікті.

Сол уақытта Степан Разин атындағы көше болды. Қазіргі Шәкәрім даңғылының бойы. Ивановтың тұрғылықты мекенжайы сол Степан Разин көшесінде. Марина Косихина (мұның алдындағы материалда жазылған болатын) өлім құшқан кезде сол маңнан көлік жапқышының бір бөлігі табылған болатын. Күдіктінің үйін тінту кезінде жапқыштың қалғаны назарға ілігіп, толыққанды тергеу жүргізуге енді еш кедергі болмады.

– Юрий Иванов отырған камерада неше түрлі адам бар еді. Жедел уәкілдермен сөйлесудің қыр-сырын олар да үйретіп үлгеріпті. Іс материалдарын жинақтап болғанша қараша айы туды. Тергеу тобының мүшесі болған Казбек Токтаргалиев екеуіміз бірде «Рудный Алтай» газетін парақтап, қызық ақпаратты көзіміз шалды. Онда Кеңес одағында өлім жазасына мораторий енгізу жоспарланып отыр деген шағын мақала жарияланыпты, – деді катонқарағайлық жедел уәкіл.

Өлім жазасы деген сөздің шығуы мұң екен, Иванов істеген ісін басынан бастап айтуға көшті. Сорақысы сол, біреудің әпкесін, бірін қызын тоқтаусыз зорлаған ол кейін арам ойын мәйіттерге де іске асырған. Барлығына емес, көңілі соққандарына. Ондайды некрофил дейді. Тергеу алаңында үш адам отыр: кінәсін қаз-қалпы айтып беріп отырған Юрий Иванов, жедел уәкілдер: Казбек Токтаргалиев және Виктор Горшков.

– Юра Иванов, тыңда. Сенің мойныңда кәмелетке толмаған қыздардың да қаны мен көз жасы бар. Егер барлық әрекетіңді тізбелеп, өз еркіңмен мойындасаң, мораторий негізінде аман қалуың мүмкін, – депті тергеуші.

Маньякты Мәскеуге не үшін апарды?

Виктор Горшков тығырыққа тірелген жанды одан әрі сөйлетудің бірден-бір әдісі осы екенін түсінді. Юрий Иванов болса, Жібек маталар комбинаты ықшам ауданындағы барлық оқиғасын төкті. Сол аумақтағы қыздардың бірінің қолындағы сағатта біреудің саусақ таңбасы қалыпты. Оны тексерсек қарсы алдында қасқайып отырған адамдыкімен сәйкесіп тұр. Қысқасы, Иванов тергеу кезінде 16 әйелді өлтіріп, 30 нәзік жандыны зорлағанын мойындады.

– Көзі қанталап, өшін неліктен өрімдей қыздардан алды деген сұрақ туындайтын шығар. Шаңырақ құрған жұбайы көзіне шөп салған екен. Бастапқыда келіншегіне түрі ұқсайтындарды таңдап зорлап, соңында әйел талғамайтынды шығарды. Шамамен 1978-ші жылы ғой деймін, Арматурный көшесінде құдықтан әйел денесі табылды. Көршілері сот отырысында «оны өлтірген күйеуі» деп бірауыздан айтқан. Себебі, ерлі-зайыптының арасында жиі жанжал оты тұтанған көрінеді. Шынтуайтында, мұны істеген – Юрий Иванов. Тергеу кезінде мойындап, түн ортасында кетіп бара жатқан нәзік жандыны ұстап алып, зорлағанын жеткізді, – деді Виктор Горшков.

Мана құдықтан табылған әйел – газеттің өткен нөмірінде жазылған Сергей Пименовтың жұбайы болатын. Пименов болса, «өскемендік шайтанның» кесірінен жеті жыл уақытын түрмеде жазықсыз өткізді.

Иванов бірнеше рет үйленген, одан тыс әр уақытта бірге тұрған әйелдері болды. Тергеу барысында олар да ішіндегісін айтып, «арқа сүйер азаматынан» көрген аярлықтарын жеткізді. Үйіне бірде кешігіп келсе, келесі күні денесі сырылған, тырналған іздермен жетті. Тіпті біреуіне әдемі күртеше сыйлапты. Виктор Горшковтың мәліметінше, Иванов тергеу кезінде 20-дан астам әйелді өлтіргенін айтып берді. Бірақ дәлелденгені тек 17. Жедел уәкілдер хаттамаға енбеген тағы біршама әйелдің барына еш күмән келтірмеді. Ол мойындау кезінде Жібек маталар комбинаты аумағында қыз-келіншектерді қалай өлтіргенін, қалай буындырғанын айна-қатесіз көрсетіп берді. Ауыр жазадан жалтаруға мүміндігі жоқ маньякты ақыр соңында Мәскеуге дейін апарды. В.П.Сербский атындағы психиатриялық ғылыми-зерттеу институтына жеткізілген оның жағдайын арнайы мамандар тексерді. Бірақ ол жаққа барғанда Иванов мақсатты түрде тұйықталды. Тиісінше, психиатрлар оның бүкіл қылмысына көз жүгіртсе де, нақты диагноз қоя алған жоқ.

Ал бұл уақытта Ресейде Андей Чикатило есімді ер адам Дондағы Ростов, Краснодар, Мәскеу облысы маңында пенде атаулыны қынадай қырды. Әйелін қорлап, азаматын азаптап, Ивановтың істегенінен бірнеше есе сорақы қылмыстарға барды. Қыз-келіншектерге қанағат етпей, еркек кіндіктіні де зорлауға көшті. Ұзын ырғасы 50-ден астап адамды бақиға аттандырды, ішінде шиеттей балалар да бар. Алғашқы қылмысын 1978-ші жылы Шахты (Ростов облысы) қаласында жасаған. 1994 жылы сот өтіп, ол ату жазасына кесілді.

Өскемендік жедел уәкілдердің Ивановтың «екінші Чикатило» деулері осыдан. Қаны қарайып сұхбат берген ресейлік тергеушілер оны адам санатына қосуға болмайтынын ышқына жеткізді.

«Мені атып тастаңыздаршы»

Ал Ивановтың жайы не болды? Виктор Горшков, Андрей Ларионов, Казбек Токтаргалиев, Василий Кириллов сынды тісқаққан сақшылар алдында ол арагідік анекдоттар да айтыпты. Ойы жинақы, сөйлегенде сенімді.

– Сөзінше, әйелдерден көңілі қалыпты. Көп алдап, көзіне шөп салғандықтан кек алуды мақсат етті. Иванов сотта одан да көп қылмыс жасағанын айтты. Соңғы сөзі мынадай болды: «Адамдарға қанша қайғы әкелгенімді түсінемін. Мені атып тастаңыздаршы». Содан өскемендік маньякқа ауыр жаза қолдану туралы үкім орындалды, – деді жерлесіміз.

Қылмысты қамтыған кітаптарды көз жүгіртсек, кеңес одағында өзгеше идеология насихатталғанына көз жеткіздік. Нақты айтсақ, одақ көлемінде «маңайды маньяк кезіп жүр» деген ұғым қалыптаспауы керек. 15 елдің барлығында қауіпсіз һәм бейбіт өмір жалғасып жатыр. Бірақ өскемендік жедел уәкілдер өз міндетін мүлтіксіз орындай білді. Андрей Устьянцев тіпті бір заттың иесін табу үшін Ресейдің Кострома қаласына дейін барып келген. Естеріңізде болса, Юрий Иванов 1977-ші жылдың қаңтар айында Ольга Орлованы (өткен нөмірде жазған болатынбыз) зорлап, колготкасымен буындырып өлтіргенде әпкесі Раиса берген күртеше жоғалған еді. Сөйтсе «екінші Чикатило» оны бір көңілдесіне сыйға тартыпты. Кейінірек ол Костромаға көшіп кетіп, Устьянцев мыңдаған шақырым жер жүріп оны тауып алған. Иә, әлгі әйелге шынымен де ол күртешені Иванов сыйлапты.

Қысқасы, Өскеменнен асып, тұтас республика мен Мәскеуді алаңдатқан жағдайдың түйіні осылай тарқады. Қазіргі егде жастағы көп адам, «қайта соның құрығына біз түспеппіз» дескен. 90-жы жылдардағы ең аты-шулы қылмыстардың бірі осы. Жуықта облыстық Полиция департаменті басшылығынан ауыр қылмыстарға қатысты жағдайды сұрадық. Соған сүйенсек, соңғы үш жылда өңірде 2931 ауыр және 346 аса ауыр қылмыс тіркелді. Олардың басым бөлігі Өскемен, Риддер, Алтай қалаларында және Глубокое ауданында болған.

– Соңғы үш жылда жедел уәкілдердің күш салуымен 1965 ауыр, 319 аса ауыр қылмыс ашылды. Көбі ұрлық, алаяқтық, есірткіге қатысты. Департамент тарапынан осылардың алдын алуда түрлі шаралар іске асырылып жатыр. Жыл басынан бері 83 есірткі қылмысы, оның ішінде, 73 тасымалдау фактісі тоқтатылды, – деді Департамент бастығы Ерлан Омарбеков.

Қазір қылмысты ашу кезінде бейнекамералардың көмегі көп тиіп жатыр. Ал бұрынырақта жедел уәкілдер ішкі түйсіктері мен айлаға сенген. Техника дамымай тұрып та талай басбұзарға тұсау салынды. Қылмыстың бетін ары қылсын дейміз.

Әділхан ЕСІМХАНОВ
Фотосурет «Красный Восток» кітабынан