«Қане, бәстесейік. Қазір мен автобустан түсіп, келесі аялдамаға тоғай арасындағы жалғыз аяқ жолмен жүріп жетемін. Көр де тұр, маған ешнәрсе болмайды». Осылай деп көкірек кере сөйлеген өрімдей жас қыз санаулы сәттерден соң өлім құшты. Қаланың әр нүктесінен табылған денені көріп жедел уәкілдер жаға ұстаса, марқұмдардың жақындары өкіре жылады. 1990-шы жылға дейін шаһардағы Жібек-маталар комбинаты ықшам ауданында ауыр қылмыс ай сайын жасалатын еді. Ал келбетті қыздарға кектеніп, оларды бірінен сон бірі зорлаған маньяк ұзақ уақыт ұстатпай жүрді.
«Күйеуіңнің көзіне шөп салдың ба?»
Құрметті оқырман, газеттің өткен нөмірлерінде қылмыс тақырыбында сериялық мақалалар жазылған еді. Катонқарағайлық жедел уәкіл Виктор Горшковтың естелігімен, «Красный Восток» кітабының негізімен өрілген материалдың жалғасын тағы ұсынып отырмыз. Бұл жолы қылмыскер құрбандарының есім-сойы аталады. Мұны «Было дело» – «Исповедь перед смертью» бағдарламасының мұрағаты мен өзге де құқық қорғау органы өкілдерінің дерегіне үңіліп, оқырманға ұсынуды жөн көрдік.
1970-ші жылдардың бел ортасында металлургтер қаласы саналатын Өскемен экономикалық тұрғыда кәдімгідей еңсе тіктей бастады. Құрылысқа жан бітіп, республиканың әр түкпірінен нәпақа тапқысы келген комсомолдар осында ағылды. Қысқасы, шаһар бұл уақытта кеңестік Қазақстандағы «өндірістік қала» атану үшін Қарағандымен бәсекеге түсті. Согра жақта Титан-магний комбинаты салынған соң көпқабатты үйлердің көбеюі заңдылық саналатын. Өндіріс маңындағы өмір 1976 жылдары күрт өзгерді. Қалалықтар көңілін қорқыныш жайлап, әлдекім бес айдың ішінде 11 нәзік жандыны зорлап үлгерді. Сорақысы сол, олардың ешбірі зәбір көрсеткен адамды тап басып сипаттай алмады. Себебі, ол кезекті құрбанына артынан келіп тап беріп, бірден мойнындағы ұйқы артериясын басып жіберетін. Ол тырп ете алмайды.
– Мынаған да мән беру керек. Маньяк жымысқы әрекетін жүзеге асырған соң сол әйелдерді әңгімеге тартқан. Ол үнемі бір ғана сұрақ қойды: «Күйеуіңе немесе жігітіңнің көзіне шөп салдың ба? – делінген тергеушілер естелігінде.
Жедел уәкілдер жаңа айлаға көшті. Өз араларынан бір адамды қыз секілді киіндіріп, оқиға нүктелері жиі қабысқан учаскелерді торуылдады. Кенет өкшесі биік аяқ киім киген тәртіп сақшысына түкпірден біреу шыға келіп, қырындай бастады. Жедел уәкіл оны әлгі маньяк екен деп қол-аяғын қайырып, дереу аудандық ішкі істер бөліміне жеткізді. Жоқ, ол да сау сиырдың жапасы емес екен. Бірақ тергеу кезінде тек төрт адамды зорлағанын мойындаған, жан түршігерлік басқа фактілер туралы тіс жармады. Мұның өзі азғындықтың ауылын аралаған адамды темір торға қамауға жеткілікті болды. Содан тергеушілер де, жанын үрей қысқан қала жұрты да көшеде қамсыз жүре бастады. Бірақ құрбанын зорлап, соңынан сырласуға құмартқан өскемендік маньяк бәз-баяғы бостандықта. 1977 жылдың аяғында ол Соградан біржола кетті. Ендігі аялдайтын жері – Жібек маталар комбинаты ықшам ауданы.
Ивановтан қорлық көрген қыздардың бірінің күртешесі
Аталған комбинат 1970 жылдардың аяғында Ертістің сол жағалауында бой көтерді. Салған жерден 5,5 мыңдай адам жұмыс істеген. Табиғи және синтетикалық талшықтан әзірленетін маталардың маңында бірыңғай бұрымдылар жүрді. Сол үшін де бұл жерді «Келіншектер фабрикасы» деп атады. Әуелде сол аумақтағы жатақханада тұрған, кейінірек көпқабатты үйлер салынды.
Буындырғаны бөлек
1977 жыл. Қаңтар айы. 19 жастағы тоқымашы Ольга Орлова қас қарая би кешіне баруға қамданды. Негізінде өзінің әпкесі Раисаны ертуі тиіс еді, бірақ ол соңғы сәтте көңіл көтеруге зауқы жоқ екенін айтты. Есесіне, сіңлісіне сәнді күртесін киюге берді. Ольга жалғыз кетті. Ал ертесінде таңертең тұрғындар оның денесін тапты. Белдемшесі жыртылған, киімдері шашылып жатыр, өзін би кешіне киіп шыққан колготкасымен буындырыпты. Қызығы сол, Раиса әпкесі берген күрте жоқ. Оған қоса, жас тоқымашының арзанқол әшекей-бұйымдары жоғалды. Сарапшылар қорытындысы мынадай: жас қызды ажал аранына салмас бұрын беймәлім біреу аяусыз зорлаған. Ольга Орлова би кеші бітіп, Мәдениет үйінен шыққаннан кейін 1,5 сағат өткен соң өлім құшты. Мұны естіген шаһар халқы шошып, нәзік жандылардың кейбірі жұмысқа баруға жүрексінсе, із кесушілер күдік қармағына ілінген мыңдаған адамды тексеріп үлгерді. Тура екі айдан кейін осындай жайт Мирный кентінде тіркелді. «Әйелім жоғалды» деп қиғылық салған Сергей Пименовтің қылығы бірден жедел уәкілдердің күдігін туғызды. Сол түні отбасында жанжал туындап, әйелі үйден кетіп қалған. Арада аз уақыт өткен соң белгісіз біреу (лер) оны қаланың басқа бір шетінде зорлап, соңынан буындырыпты. Пименовке «өмірлік жарын өлтірді» деген айып тағылып, кейін 12 жылға бас бостандығынан айырды.
Бірақ сарапшылар қорытындысы оның бар қылмыстың басында тұрған ер адаммен байланысты жоқтығын растады. 1977 жылдың аяғына қарай біреу 25 жастағы Вера Рябкина есімді тігіншіні, бір айдан соң тағы бір жас қызды зорлап, кезекті рет колготкамен буындырды. Яғни, тергеушілер таппай жүрген маньяк қалдырған қолтаңба осы. Үлбі аудандық ішкі істер бөлімі жедел жұмыс бойынша бастықтың орынбасары болған Виктор Котовтың сөзінше, күдіктілер легі тым көп: туысқандары, аралас-құралас адамдар, көшеге сыймай жүрген бұзақылар және тағысын тағы. Көктем туып, қар сөгіле комбинат маңынан мойнында колготка оралған қыздардың денесі әр жерден табылды. Естеліктерге көз жүгіртсек, капрон колготкалар КСРО көлемінде 1970-ші жылдардың басында пайда болды. Бірақ азғынның әйелдерді неліктен тек сонымен буындыратыны және байлауы үнемі бір әдіспен жалғасқаны таң қалдырды. Ендігі болжам – ол әскери борышын теңізде өтеген болуы мүмкін. Бұл уақытта әкелер қызын сыртқа шығаруға үрейленіп, әйелдер қолдарына таяқ ұстап жүруге мәжбүр. Кек алудан айызы қанбаған тұрғынды енді бәрі «өскемендік шайтан» деуге көшті. Бұл да жедел уәкілдердің естелігінде жазылды.
1978 жылдың наурызында (деректі фильм мұрағатынан алынды) 18 жастағы Тоня Солонец және Мария Кириллова автобусқа отырып, Жібек маталар комбинаты ықшам ауданын бетке алды. Төңіректің кез келген түкпірінен төнетін маньяктың барынан екеуі де хабардар. Бірақ Тоня Солонец одан еш қаймықпайтынын айтып, қоғамдық көліктің артында отырған ер адамды елеместен әңгімесін жалғады.
– Қане, бәстесейік. Қазір мен автобустан түсіп, келесі аялдамаға тоғай арасындағы жалғыз аяқ жолмен жүріп жетемін. Көр де тұр, маған ешнәрсе болмайды. Оның үстіне, менің ағам милицияда жұмыс істейді ғой, – деді де автобустан түсіп қалды.
«Қылмыс неге ашылмай жатыр?»
Ал мана айтқан ер адам – сол маньяк болатын. Ол осыны естіп алып, Солонецтің соңына қасақана түсті. Қараңғыда артынан жетіп барып, ешкім жоқта алаңсыз зорлады. Бұл «өскемендік шайтанның» 16-шы құрбаны болатын.
1980-ші жылдары облыс прокуроры болған Александр Азаров мұндай оқиғалардың жиілеуіне партиялық органдардың уайымы көбейгенін жеткізді. Қазақ КСР және кеңес өкіметінің прокурорлары да дабыл қағып, мұны өз бақылауларына алды.
– Тіпті Қазақстандағы компартия басшылығы да бұдан хабардар болды ғой деймін. «Бұл қылмысты неліктен әлі күнге дейін аша алмай жатырсыздар?» деп жиі сұрай бастады. Жедел уәкілдерге қойылар талап та күшейді. Біз іздеген қылмыскер – адам кейпіндегі айуан еді. Ол әйелдерді пышақтаған жоқ, тұншықтырды, – деді ол.
Бір ғана ықшам аудандағы бассыздықты естіген республика деңгейіндегі із кесушілер аяқтарынан тік тұрды. Тіпті кімде-кім кешқұрым қыз аңдыған біреуді көрсе, сырт киімін сипаттап, ақпар ұсынғаны үшін оған сыйақы берілетіндігі де айтылды.
– Талай адамды тексердік. Ойлап көріңіздерші, зорлыққа, кісі өліміне қатысы барлардың өзі қаншама? Одан бөлек, көзге іліккен күдіктілер қарасы қалың. Кейбір әйелдің заттары жоғалғанын ескеріп, ұры-қарылар да тізімге алынды, – деді облыстық ішкі істер басқармасының ерекше маңызды істер бойынша жедел уәкілі Андрей Ларионов.
Кейінірек «өскемендік шайтанның» күрмеуінен сытылып шығып, полицияға сүріне-қабынып жеткен екі-үш әйел төбе көрсетті. Олардың сөзінше, маньяк аярлығын жасап болған соң олардан жігіттер туралы ойы қандай екенін сұрапты. Қызығы сол, 70-ші жылдар аяқталар шақта аталған қылмыс түрі сап тыйылды. Тергеушілер іздеуде жүрген адамды «не басқа қалаға кетті, не өзі қылмыскердің құрбанына айналды» деп топшылады. Әйткенмен азғын аттай 10 жыл үзіліс алып, бәрі ұмытыла бастағанда қайта жорыққа шықты.
Ендігі жағдайды жерлесіміз Виктор Горшковтан сұрадық. Себебі, 1987 жылы қазан айында ҮМЗ жақтағы Путевая көшесінде 16 жастағы бойжеткеннің денесі табылды. Александр Азаровтың сөзінше, маньякты енді «екінші Чикатило» деп айтуға еш кедергі жоқ. Ол бірнәрсеге таң қалды: көз жұмып, қорлық көрген нәзік жандылардың жеке заттарын неге өзімен алып кетеді? Ресми ақпаратқа сәйкес, ол үш жылда 16 әйелді өлтірді, зорланғандары одан асып жығылады. Ал 1987 жылы әлдекім Марина Косихина есімді 16 жастағы студенттің жанын алған. Тергеушілер мұның артында соның тұрғанына еш шәк келтірмеді: зорлап, әдеттегідей, колготкамен буындырды.
– Мен ішкі істер бөліміне 1982 жылы орналастым. Ал ондағы тісқаққан тергеушілер маған 77-ші жылы болған оқиғаларды айтып берді. Қолымызда қылмыстық істердің барлығы бар. Содан Нұрбек Бұлжанов пен Андрей Устянцев мәйіт анықталған жерге тұзақ құрып, іздеудегі адамды аңдыды. Устянцев – қапсағай, пысық-ширақ азамат. Бір айта кетерлігі, қылмыс болған жерден алюминь түйме табылған болатын. Ол қолымызда. Содан маңайдан бір ер адам жылдам басып, өтіп бара жатты. Андрей тоқтатып алып, сырт киіміне көз жүгіртіп еді, бір түймесі жоқ екен. «Асығыс сияқтысыз, бірақ бізбен жүруіңіз керек», – деді катонқарағайлық жедел уәкіл.
Тергеу кезінде мәлім болды, суыт жүріске салып, екі жедел уәкілдің көзіне түскен ер адамның есімі – Юрий Иванов.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
(Жалғасы бар)