Жерлесіміз Александра Беленко Мексика елінде өтіп жатқан ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында тұғыр биігінен көрінді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Чемпионатта ел намысын тоғыз спортшы қорғап жатыр. Ең жеңіл салмақта өскемендік спортшы өнер көрсетті. Негізгі қарсыластары Оңтүстік Америка елдерінен болды.
Беленко жарыстың бірінші күні, 40 келіге дейінгі спортшылар арасында өз мүмкіндігін байқады.
– Жұлқи көтеруде Шығыс Қазақстан облысының өкілі Александра Беленко үш мүмкіндігін орындап, 55 келі нәтижемен турнир кестесінде үшінші орынға тұрақтады. Екінші жаттығуда спортшымыз тамаша өнер көрсетті. Алайда үшінші мүмкіндігін мүлт жіберіп, жаттығу қорытындысы бойынша екінші 125 (55+70), жалпы есепте үшінші орынға тұрақтады, – делінген еліміздің ауыр атлетика федерациясы таратқан мәліметте.
Осы салмақтың нәтижесі төмендегідей:
1. Естрада Велез (Колумбия) 128 (55+73)
2. Виахар Аканша (Үндістан) 127 (59+68)
3. Александра Беленко (Қазақстан, Өскемен) 125 (55+70)
Әділхан ЕСІМХАНОВ