Өскемендіктер Алғыс айту күніне арналған телекөпірге қатысты

555
көрілім

Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған шарада әр саланың қызметкерлері сөз алып, ауызбіршіліктің арқасында мемлекет тұтастығы сақталатындығына сенім білдірді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Телекөпірге бір мезетте барлық өңірден қатысты. Қаладағы Достық үйі – қоғамдық келісім орталығына жиналғандар бүгінгі күннің өзіндік маңызға ие, әр жылы ерекше форматта өткізудің орынды екенін жеткізді.
– 1 наурыз – Алғыс айту күні ретінде атап өтіліп, көпұлтты Қазақстан тұрғындары бір-бірлеріне рахметтерін айтып жатады. Таңсәріден этномәдени бірлестік мүшелері жұмысқа келгенде де өзара алғысымызды жеткіздік. 1995 жылы 1-ші наурызда Ассамблея туралы заң шыққан болатын. Сол заң бойынша елімізде ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Елімізде құрылған Ассамблея сияқты ұйым басқа ешбір елде жоқ. Оның басты мақсаты – түрлі ұлт өкілдерін татулыққа шақыру, – деді Достық үйінің директоры Елдар Төлеубеков.


Жауапты тұлға осындай бастамалар мен шаралар келер ұрпаққа рухани серпіліс сыйлап, ұлттық құндылықтарды сақтауға мүмкіндік беретіндігіне сенімді.
– Мұндай жиындардың көптеп қолға алынуын Жаңа Қазақстанның бір көрінісі деп айтуға болады. Балаларымыз салт-дәстүрді біліп, оны насихаттап жүрсе, олар өзара және басқа этностармен тығыз қарым-қатынаста болады, – деді Елдар Төлеубеков.
Телекөпір барысында ҚР Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұлан ән-би ансамблінің аға музыканты Александр Аверкиев ой білдіріп, қазіргі Қазақстанның егемендік алуына барын салған батырлар ерлігін мысал етті.


– Бізді осы күнге жеткізген баһадүрлердің жанкештілігі әркез жадымызда. Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Қарасай, Өтеген, Райымбек, Амангелді батыр және тағы басқасы ел тағдыры қыл үстінде тұрғанда бастарын бәйгеге тікті. Еліміз ерлерін ұмытпақ емес. Бауыржан Момышұлы атамыз «Ешкім батыр болып тумайды. Батырлық та мінез сияқты өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» деген еді. Бұған қарап, елімізде батыл ұлдар әлі де тәрбиеленіп жатқанын аңғарамыз, – деді ол.
Ал Достық үйіне Ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі және этномәдени бірлестіктердің мүшелері жиналды. Сөздерінше, бүгін әр аймақтың тұрғындары жайдары мінез танытып, көңілді жүрулері тиіс.